ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ СЕРПІЛІС ТУРАСЫНДА БІРЕР СӨЗ…

68
0

Елімізде медицина саласы жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Нәтижесінде бұрындары шетелде жасалатын күрделі оталар еліміздің ірі қалаларында сәтті жасалуда. Мәселен, жуырда Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері 5 жастағы балаға тың әдіспен күрделі ота жасады.

Науқас бала ауыр жағдайда жедел жәрдем қызметімен қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген болатын. Баланың  оң тізе астынан қан кету, сондай-ақ төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілермен жансақтау бөліміне жатқызылған. Тексеру барысында мамандар  оның оң тізе асты артериясы мен тамырының толықтай кесілгенін анықтады. Егерде  балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым  екенін түсінген дәрігерлер  ота жасауға кіріседі. Хирургтар науқас баланың тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегін пайдаланды.  Нәтижесінде мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді. Ота турасында «Отадан кейін аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болды. Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, үйге шығуға дайындалып жатыр. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі өкінішті жағдай ампутациямен аяқталуы мүмкін. Ата-аналарға балаларына көңіл бөліп, қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырамыз» дейді бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасов. Жалпы Шымкент қаласы бойынша 13 мемлекеттік емхана 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетсе, 31 жекеменшік емханада 507 мың тіркелген. Алайда, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана керек деп қарастырылып отыр. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салу мәселесі де қаралып жатыр. Нәтижесінде өңірдің медицинасы әрі қарай дами түспек.