ОТАНДЫҚ ӨНІМ ИМПОРТТЫҚ ТАУАРҒА БАЛАМА БОЛА АЛАДЫ

78
0

Шымкент қаласында бүгінде түрлі тәттілер шығарыла бастады. Отандық өнімнің әлеуетінің артуына сеп болып жатқан өнімдер алыс-жақын шетелдерге экспортталуда. Солардың бірі – үшінші мегаполистегі науат өндірісі.

Жалпы аталған тәтті түрін дайындау мен саудаға шығару бойынша Ташкент қаласы көш бастап келеді. Дегенмен ала шапанды ағайынның өнімін алмастыратын отандық тауар түрі енді Шымкентте шығып жатыр. Нақтырағы, Тассай индустриалды аймағында орналасқан «NURTAU Distribution Company» серіктесті кристалдандырылған науат шығаруды жолға қойды. «Diamond Navat» атты кристалдандырылған науатты тек балалар емес, ересектер де сүйсініп жейді. Көрші елден импортталатын науатты сатып алатын ағайын енді отандық өнімді кеңінен тұтынуда. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының қолдауымен «NURTAU Distribution Company» бүгінде тәулігіне 2-3 тонна арасында өнім шығарады.  Мекеме қызметкері Асыл Насырдың айтуынша, науат өндіруге қант көп мөлшерде кетеді. Себебі науаттың негізгі құрамы — қанттан тұрады. Одан бөлек, түрлі қоспалар араластырылады. Отандық өнімге химиялық қоспалар қосылмайды. Тек табиғи өнімдерден дайындалады. Сондықтан да шымкенттік науат өте дәмді әрі денсаулыққа зияны жоқ. Мұнда науаттар түрлі форматта өндіріледі. Үлкен және кіші, таяқшадағы және ұсақ науаттар өндіріледі. Бұл туралы өндірістік мекеменің басшысы Асқар Төлиев былай дейді «Мұнда таяқшадағы науаттан бөлек, ұсақ науаттар шығарылады. Ұсақ науаттар таразыда килограмдап сатылады. Себебі базарда науатты келілеп алатындар көп. Және олардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Науат қысы-жазы сұраныста болатындықтан бізде өндіріс маусымға байланысты тоқтамайды». Кәсіпкерлік нысан бүгінде қаланы ғана емес, жалпы күллі республиканы отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Жақын болашақта экспортқа шығару жоспары да бар.

Жалпы дәрігерлер науатты жеуге кеңес береді. Нақты емдік қасиетіне келсек, іш, яғни асқазан аурула­рына ем. Ол үшін бір түйір науатты көк шайға қосып  ішу керек. Суық тигенге таптырмайтын ем. Тамақ ауырғанда 10-15 минут ауызға салып сору керек. Қатты шаршаған кезде науат­тың тыныштандыратын қасиеті де бар.