ЖҰМЫСЫ ЖЕМІСТІ КӘСІПКЕРЛІК МЕКЕМЕ
Шымкент қаласында өнеркәсіп саласы өркендеп келеді. Қала аумағында көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Мұның өзі екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарға қолдау болуда. Сонымен қатар бюджет бүйірінің толуына да ықпал етіп жатыр. Көрсеткіштер жоғары. Биыл үшінші мегаполистің инвестиция тарту бойынша елімізде көш бастағаны да баршаға белгілі. Бүгінгі материалымызда жемісті жұмыс істеп жатқан кәсіпорын турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Аталған қалада жеңіл өнеркәсіп саласында қарқынды жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның бірі – «Шымкент кашемир» серіктестігі. Төрт түліктің жүнін жуып, түтіп, жіп иіретін фабрика қой, ешкі, түйе жүндерін өңдейді. Әуелі әкелінген жүн сұрыпталып, арнайы құрылғыға салынып әбден жуылады. Жуылғанда да 5 кезеңнен тұратын күрделі тазалаудан өтеді. Одан кейін әбден кептіріліп шығарылады. Үлпілдеген таза күйге енеді. Цех ішінде тігін және тоқыма жұмыстары жүргізіледі. Мұнда 1 жастағы баладан бастап 59-шы аяқ өлшеімне дейінгі шұлықтар тоқылады. «Шымкент-кашемир» ЖШС операторы Гүлшат Бекмұратова «Станоктар 10 жұп шұлықты бума-бума қылып алдыма алып келеді. Шұлықтардың ауыздары жабық болады. Мен оны станоктың көмегімен аузын тіліп, жууға жіберемін» дейді. Түйе және қой жүнінен тоқылған шұлықтардың сапасы өте жоғары. Әсіресе адам денсаулығына пайдасы зор. Жүннен тоқылған шұлық жылуды жақсы сақтайды, аяқты терлетпейді және иістендірмейді. Бағасы да қалтаға қонымды. Мысалы қой жүнінен тоқылғаны — 700-900 теңге арасында болса, түйе түбітінен жасалғаны — 1200 теңге тұрады. Фабрикада тәулігіне 1000-1200 жұп шұлық шығарады. Яғни жылына 500-600 мың жұп шұлық тігіледі. Бұл шұлықтар Қазақстанның барлық аймағына таратылады. Ал тазартылған жүндер Италия, Германия, Қытай елдеріне экспортталады. Кәсіпкерлік мекеменің өндіріс басшысы Тоқтаған Біржангүлдің айтуынша, жүннен тоқылған шұлықтар ылғалды ұстап қалады. Оны өткізбейді. Шұлықтар екіге бөлінеді, 70 пайыз жүннен жасалғаны және 100 пайыз жүннен жасалғаны. 100 пайыз жүннен жасалған шұлық қымбаттау тұрады. Аталған фабрика тек Шымкент емес, Қазақстан нарығында биіктен көріну үшін бірнеше жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Мекеменің арқасында айлығын уақытылы алып, отбасын асырап отырған азаматтар көп. Мекеме жұмысының жемісті екенін нарықтағы сұраныстан-ақ білуге болады.