ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ ТӨМЕН КОМПАНИЯЛАРМЕН КЕЛІСІМШАРТ БҰЗЫЛАДЫ

94
0

Қоғамдық көлік саласының қызметіне қатысты тұрғындар тарапынан өтініш жиі түсіп тұратыны жасырын емес. Осыған байланысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан биылғы сәуір айында бақылау жұмыс тобы құрылған болатын. Тұрғындар мен мамандардан құрылған арнайы топ жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетін, жол ақысын төлеудің заңдылығын, қоғамдық көліктердің тазалығын, автобустардың уақтылы жүруін қадағалайды.

Үшінші мегаполистегі қоғамдық көлік компанияларына қойылатын басты талап – бәсекеге қабілетті болу. Қазіргі таңда жолаушылардың талабын орындамайтын тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылады. Шаһарда автобустарды жаңартып, аралық интервалды сақтау, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау талап етілуде. Сонымен бірге субсидия алатын тасымалдаушыларға да талап күшеюде. Қазір шалғайдағы барлық елдімекендер жаңа автобустармен толық қамтылды. Қазір бәсекенің, нарықтың заманы. Жауапты сала басшысының бұл сөзіне «Бек-Сервис» және «MAN Оңтүстік» компанияларымен арадағы келісімшарттың біржақтама бұзылғанын дәлел ретінде келтіруге болады. Себебі аталған мекемелердің қызмет көрсету сапасы жолаушылардың көңілінен шықпаған. Қала тұрғындары тарапынан ауа баптағышы жоқ, интервал сақталмайды, автобус ескі деген шағымдар көбейген. Сала атқарылып жатқан жұмыс көп. Жаңа автобустар кезең-кезеңімен қолданысқа беріліп жатыр. Жаңа аялдамалар орнату жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 1886 аялдама орны болса, 442-не аялдама жетіспейді. Десе де баршасы кезең-кезеңімен ауыстырылады. 2021-2025 жылға арналған даму жоспарына сәйкес, 5 жылда 1050 аялдама қою жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 670 жаңа аялдама қойылған. Бес жылда аялдамаларды жаңарту 83 пайызға жетпек. Жалпы  жыл басынан бері басқарма тарапынан қала бойынша 63 аялдама демонтаж жасалып, шалғайдағы елдімекендерге орнатылды. Айта кету керек, жуырда әлеуметтік мәні бар қалалық нөмірі №55 және №149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Қыркүйек айынан бастап аталған бағыттағы жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметіне кіріседі. №149 автобус маршрутына 4 бірлік қосылып, жалпы саны 10 автобусқа артты. Ал, №55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады.