КӘСІП БАСТАУҒА НИЕТТІ АЗАМАТТАРҒА ҚОЛДАУ КӨП

93
0

Бүгінде кәсібін бастап, нәсібін көрем деушілерге бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Осының арқасында өзі табуыс тауып, өзгелерді жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер баршылық. Осы орайда, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова «Бастау Бизнес» жобасы турасында бірқатар құнды ақпараттар айтты.  

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға үміткер атанғысы келетін азамат төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы тиіс. Олар — еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақыны алушылар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар және жастар. Егер осы әлеуметтік санаттардың біріне жататын және ресми тіркелген жұмысыңыз болмаса, онда www.enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз керек. Сондай-ақ, бұл грантқа жұмыссыздармен қатар өз бизнесін жаңадан бастаған кәсіпкерлер де үміткер бола алады. «Қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім беру үшін қолыңызда «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, меңгергеніңіз жөніндегі сертификат болуы тиіс. Оны алуы үшін қысқа мерзімді оқу курсынан өтуіңіз керек. Биылғы 25 шілдеден бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта қолжетімді болады. Өз ісін бастауды жоспарлап отырған азаматтар skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады. Оқу курсына жазылу үшін вusiness.enbek.kz порталда тіркелу, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы skills.enbek.kz платформаға өтіп, оқуға кірісе алады» дейді Балмаржан Полатқызы. Биыл Шымкент қаласында 1 150 грант бөлінген дейді басқарма басшысы. Айта кету керек, «2021 – 2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» халықты жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несие немесе мемлекеттік гранттар бөлу сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.