КӘСІБІНЕ ҚАРАЙ — НӘСІБІ

68
0
Шымкентте мемлекет тарапына қолдау тауып, кәсібінің нәсібін көріп отырғандар көп, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бүгінде кәсіптің көзін тауып, мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашқандардың қатары жыл сайын көбейіп келеді.
Тиянақты жасалған бизнес жоспары болып, кәсіп істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Мәселен, қала тұрғыны Ақылбек Бейсенов өткен жылы «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, сертификат иесі ретінде өзі ұсынған бизнес жоспарын ойдағыдай қорғап шыққан азаматтардың бірі. Ол өз бизнес жоспарын комиссияға ұсынып, оң нәтиже алған соң, 2021 жылы 583 400 теңге көлемінде мемлекеттен өтеусіз қаржы алып – жиһаз цехін ашқан.
«3 жыл бойы жұмсақ жиһаз жасаумен айналыстым. Сосын осы бағытты жақсы меңгеріп алған соң өз үйімде ашуды жоспарладым. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолдау көрсетілетінін біліп, қайтарымсыз грант жобасына қатыстым. Нәтижесінде грантқа қол жеткізіп, жиһаз құрастыруға керекті құрал-саймандарды сатып алыдым. Қазір жұмсақ жиһаз жасаудың барлық түрін жасаймын. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, қасыма тағы жігіттерді жұмысқа алсам деймін», — дейді жиһаз жасаушы маман Ақылбек Бейсенов. 
Қазіргі таңда өз үйінің ауласында жиһаздың сан түрін жасап жатқан шеберге жүгінушілер көп. Ал өнімдер өз қаламызда дайындалатындықтан тұрғындарға қолжетімді бағада саудалануда. Жоқтан бар жасап, кәсіптің көзін тапып, отбасын асырап отырған азаматтың бұл ісі көпке үлгі.
Айта кету керек, Биыл Шымкент қаласында өз ісін бастағысы келетін азаматтарға 1 150 қайтарымсыз грант (400 АЕК) беру жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы үш лек бойынша 610 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Оның ішінде 430-ы әйел азаматшалар. Олар жартылай дайын тағамдарды сату, кондитерлік өнімдерді даярлау, тігіншілікпен айналысу, сүт өнімдері мен балалар ойыншықтарын жасап шығару сынды ұсыныстарын білдірді.
Ал, жыл басынан «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде 6805 әйел азаматша оқытылса, бос және жаңа жұмыс орындарына 4888 әйел орналасқан, 3 айлық оқу курстарына қатысып жаңа мамандық игерген әйелдер саны 1143. Сондай-ақ, «Осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындар», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас» сынды өзгеде бағдарламаларға қатысқан қыз-келіншектеріміз бар.