ШЫМКЕНТ ЖОСПАРДЫ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАҒАН

90
0

Бүгінде экология мәселесі өте өзекті болып отыр. Табиғатқа келтірілген ауқымды зардаптардың салдарынан атмосферадағы зиянды газдардың мөлшері артып, климат өзгеруде. Сондықтан аталған мәселені шешуде мемлекет тарапынан бірқатар маңызды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келе жатыр. Жуырда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев оңтүстік өңірге табан тіреген болатын. Міне сол уақытта шымкенттік табиғат жанашырлары ведомство басшысының қабылдауында болып, өз сауалдарын жолдады.

Елімізде қабылданған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын 2025 жылға дейін 20 пайызға төмендету көзделген. Бүгінде оның лимитін өзгерту туралы жоба әзірленуде. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің сөзінше, Президенттің бастамасымен өткен жылы 2 миллиард ағаш отырғызу жұмысы басталған. Бұл жұмыс 5 жыл ішінде іске асады екен. Ал биыл  елді мекендерді көгалдандыру аясында Шымкенттегі жоспар артығымен орындалған. Яғни 120 мың дана ағаш орнына 166,3 мың ағаш отырғызылған.  «Біріншіден барлық қаланың экологиялық проблемасы бізге белгілі. Әкімдікпен бірге жол картасын әзірлеп бекітеміз. Сол бойынша нақты экологиялық проблеманың шешу жолдары көрсетіледі. Ол жағынан бірлесіп әкімдікпен жұмыс жасап жатырмыз»,- деді министр. Тілшілердің сұрағына жауап берген соң министр қала тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Олардың қатарында министрден кәсібіне қолдау сұрағандар да болды. Сондай-ақ кейбір азамат субсидия мәселесін көтеріп, экологиялық кодекске өзгерту ретінде бірқатар ұсынысын да ресми түрде жолдады. Министр қабылдауда болған азаматтардың мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтады. Ал жеке жоба және заңға ұсынған өзгертулері туралы нақты шешім министрліктің ресми сайтында жарияланатын болады.