ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ – ЕҢ АСЫЛ БАЙЛЫҚ ЕЛ ҮШІН

57
0

Татулық пен бірлік – ел дамуының кепілі. Бүгінгідей әлемдік саясат құбылып тұрған уақытта ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешуі аса маңызға ие. Осы орайда, елімізде, оның ішінде үшінші мегаполисте аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жуырда Шымкентте бірлікті ту еткен жиын өтті.

«Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі» атты тақырыпта Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» мекемесінің қызметкерлерімен жиын өтті. Кездесуге қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы А.Исаева қатысты. Ол ұлттық бірегейлік пен Қазақстан халқының бірлігін, тұрақтылығын сақтауға бағытталған тақырыпта баяндама жасап, қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жетті. Бұл-егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығына айналған. Ал ішкі саяси тұрақтылық — әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі. Жиынынға қатысушылар да осы құндылықтар жөнінде өз ойларын жеткізіп, пікір алмасты. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласындағы Мәртөбе тұрғын алабындағы жергілікті тұрғындармен кездесу өткен болатын. Кездесуге қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қаратау ауданы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Кездесу мақсаты – жергілікті тұрғындарға, жастар өкілдеріне қоғамдық келісімді сақтау, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын нығайту, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу мәселелерін түсіндіру болды. Жалпы мұндай шаралардың елдің ынтымағын арттырып, берлігін бекітудегі маңызы айрықша. Қала берді көптеген ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған ел үшін бірліктің маңызы қашан да айрықша мәнге ие.