ЖАРЫҚШАМДАР ЖАҢАРТЫЛДЫ

192
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасы аясында Шымкент қаласындағы А. Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың жарықшамдары толығымен жаңартылды. Бүгінгі таңда мүлдем істен шыққан 400-ге жуық шам ауыстырылды.
Жарықшамдар Дендрологиялық саябақтың барлық дерлік аумағына қойылды, әсіресе салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үшін веложол бойына толық орнатылды. Жарықшамдардың қуаттылығы — 150ВТ. Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандары Дендрологиялық саябақ жарықшамдарының алдағы уақытта тәулік бойына жанып тұруын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жалпы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қалаларда тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында қалалық әкімдік «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеген. Соның аясында 2021 жылы 136 көше жарықтандырылды. Арасында шалғай елді мекендер мен шағынаудандарда орналасқан көшелер де бар. Олар – Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат көшелері. Бұдан бөлек, өткен жылы жылы 30 көшедегі ескі жарық шамдар заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тас жолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар. Жұмыстар биыл да жалғасын табады. Атап айтқанда, 102 көше жарықтандырылмақ. Жалпы көрсеткішке келсек, 2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құраған еді. Биыл жарықтандырылған көшелердің саны 458-ге жетіп, қамту көрсеткіші 61,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы тағы 106 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 70 пайызды құрамақ. Осы тұста айта кетерлігі, қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылуда. Диспетчерлік орталықта қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғанын, қанша жарықшам істен шыққанын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылды. Айта кету керек, 2022 жылы қала көшелерін жарықтандыру көрсеткішін 57 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Әл-Фараби ауданындағы III, IV, V сектор бойынша өткен жылы 8 көше жарықтандырылған. Биыл бұл аумақта 8 көше жарықтандырылады. Атап айтқанда, «Қарасу» шағынауданының ішкі орамдық жолдары, Ж.Шәмерденов көшесінің жалғасы, Ж.Тыныбаев, А.Әбдіразақов, Бекетті, Ақбастау, Камал және Хлопзовод көшесіне жарықшамдар қойылады.