«TEṄ QOḠAM» ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ АЗАМАТТАР ҮЛКЕН ҚОЛДАУҒА ИЕ
Қаламызда мүгедектігі бар әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсететін “Тең қоғам” орталығы жұмыс істейді.
Оталықтағы азаматтар бос уақытын тиімді пайдалана алады және компьютерлік сауаттылығын ашуға мол мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, мұнда арнайы жабдықталған, 300-ге тарта кітап қоры бар. Яғни, зағиптарға арналған оқу машинасы және Брайль әліпбиі негізінде жазылған көркем шығармалар жинағы да топтастырылған. Келушілерге аталған қызметтерді жүзеге асыруға арнайы мамандар жәрдем көрсетеді. Қызмет алушылардың өмірлік белсенділіктерін арттыру үшін шахмат, тоғызқұмалақ сынды ұлттық зияткерлік ойын түрлерін үйренуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, орталық 2021 жылы іске қосылған «Әлеуметтік порталмен» қолдану жолдарын үйретеді және «Инватакси» мен «Әлеуметтік таксиге» қатысты барлық ақпаратты ұсына отырып, «Бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет көрсетуде. Мәселен, әлеуметтік такси қызметіне – 791 адам жүгінсе, 1045 азамат — санаторий – курорттық емделуге жолдама алған, ал 564 адам — инватакси қызметін пайдалған. Жалпы ағымдағы жылдың 10 айында 8216 мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсетілген. Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 38 775 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оларға қолайлы жағдай жасау, жайлы орта құру, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мемлекет тарапынан қарқынды шаралар жүргізілуде. Орталық Ж.Аймауытов көшесі, 130 ғимаратында орналасқан. Шымкент қаласындағы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесімен тікелей айналысатын бірегей мекеме — «Бақытты жанұя» орталығы. Журналистер пресс-тур барысында аталған мекеменің жұмыс барысымен танысты. Орталықтың мақсаты – қиын жағдайға тап болған әр-бір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек, сонымен қатар, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету. Мекеме жалпы 20 бағыт бойынша қызмет алушыларға көмек көрсетсе, биыл жыл басынан қысқа мерзімді тегін оқу курстарынан 600-ден аса ана өткен. Бүгінгі таңда, қала бойынша 37 014 адамға (ақпараттық қолдау, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталы арқылы құжаттарды тапсыру немесе алу қызметтері, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелуіне және т.б.) қызмет көрсетілді.