САРБАЗДАРҒА ТЕГІН ОҚУ МҮМКІНДІГІ БЕРІЛІП ОТЫР

93
0
Бұл туралы бүгін Ақпараттық Коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы ТЖД, Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Нұржан Қаракөзев пен Шымкент қаласы ТЖД, Кадр саясаты басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Бекзат Қамбаров БАҚ өкілдеріне берген брифингте айтты.
«Мерзімді қызмет өткерген сарбаздар мен сержанттарға азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Әскери қызметті жалғастырғысы келетіндер үшін келісімшарт бойынша ҚР ТЖМ әскери бөлімдерінде қызметте қалуға мүмкіндік бар. Мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта тәртіпті және жоғары нәтижелерге қол жеткізген жекелеген, неғұрлым лайықты әскери қызметшілерге ЖОО гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады. Республика аумағында төтенше жағдайлар саласы мамандарын дайындайтын жалғыз оқу орны – бұл Көкшетау қаласында орналаласқан Мәлік Ғабдулин атындағы Азаматтық қорғау академиясы. Мамандықтар Өрт қауіпсіздігі», Төтенше жағдайларда қорғау», «Өрт сөндіру және апаттан-құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық күштері», — деді Н.Қаракөзев.
Спикердің айтуынша,академияға күндізгі оқу нысаны бойынша орта білімі бар, он алты жасқа толған, кешенді ұлттық біріңғай тестілеу нәтижелерінің шекті мәнін жинақтаған Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Бейіндік пәндер «математика» және «физика» болып табылады. Оқу орнын аяқтаған түлектерге азаматтық қорғау лейтенанты арнаулы атағы беріліп, жолдама алған өңіріне қайта жолданылып, мемелекет тарапынан кепілдендірілген жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Азаматтық қорғау органдары қызметіне қатардағы, кіші және орта басшы құрамы лауазымдарына кандидаттардың қабылдануы ҚР ТЖМ М. Ғабдулин атындағы азаматтық қорғау академиясының Шымкент қаласындағы оқу орталығынан алғашқы кәсіптік даярлықтан өткен соң ғана жүзеге асырылады.
Қызметте бос лауазым болған жағдайда «Азаматтық қорғау органдарында кадрлық жоспарлауды ескере отырып, Шымкент қаласы ТЖД интернет-ресурсында, әлеуметтік желісінде, БАҚ хабарлама жарияланады.
Хабарлама жарияланған күннен бастап 7 жұмыс күн ішінде іріктеуге қатысуға ниет білдірген азаматтардан құжаттар қабылданады. Құжаттарды қабылдау уақыты аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құжаттарды қарау және зерделеуді жүргізеді, сонымен қатар, бір мезгілде оларға, сондай-ақ жеке парақта көрсетілген жақын туыстарына қатысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервисінің есебі бойынша тексеру жүргізеді. Үміткерлер медициналық, психофизиологиялық куәландырудан өтіп, физикалық дайындығы бойынша сынақ тапсырады. Осы кезеңдерден өткендер алғашқы кәсіби дайындықтан өтіп бос лауазымдарға орналасады.