ОРТАЛЫҚ КӨШЕ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

97
0

Қаладағы Ғ.Иляев көшесі – көлік ағынының қарқындылығына байланысты магистралды көшелердің бірі саналады. Осы орайда оның сапасы көлік ағынына тікелей әсер етеді. Ағымдағы жылы аталған көшедегі Сасбұқаев көшесінен Бейбітшілік көшесіне дейінгі аралықта, жалпы ұзындығы 2,7 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жобаға сәйкес, аумаққа асфальт-бетон қабатын фрезалау, тегістеу және қиыршық тас төсеу қаралған. Сонымен қатар, көше бойында ені 2 метрлік жаяу жүргінші жолы және Қонаев даңғылынан Бейбітшілік көшесіне дейін 1,5 метрлік веложол салу жоспарланған. Ғ.Иляев көшесінің құрылыс жұмыстары «Корпорация Береке – А» ЖШС тарапынан атқарылды. Техникалық қадағалаушы – «Tech Build» ЖШС. Жоба толығымен жүзеге асты. Аталған жұмыстардың сәтті жүзеге асуының арқасында орталық көшелердің бірі саналатын ірі көшенің сапасы артып, көлік қатынасының жақсара түсті. Айта кету керек, биыл үшінші мегаполистен шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың жол құрылысына айрықша назар аударылып отыр. Былтыр қала орталығындағы көшелерді жөндеу жұмыстарына айрықша көңіл бөлінген еді. Ал құрылыс сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі ұдайы бақылап, ескертпелерін айтып келеді. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы қала орталығындағы ірі көшелердегі көлік ағынын азайту мақсатында жолдар кеңейіп жатыр. Ірі жол қиылыстарында жолайрықтар салынуда. Мұның өзі қаз-қатар қаңтарылып тұратын қалың көліктің қатарын сиретіп, кептеліс мәселесінің шешілуіне мүмкіндік беріп жатыр. Жалпы қаладағы жол сапасы соңғы жылдары арта түсті. Бұрындары шұрық тесік болып жататын жолдардың мәселесі шешіліп келе жатыр. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса бермек. Құрылысқа бюджеттен қыруар қаржы бөлінгендіктен, қала әкімінің өзі атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалардың сапасын қатаң бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр.