БІРЛІК ПЕН ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

77
0

Қазақстандағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік елдің тұрақтылығы мен дамуының басты негіздерінің бірі болып табылады. Бұл ұстаным халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Қоғамдық келісім — бұл әртүрлі этностар мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүруі мен өзара түсіністігіне негізделген байланыстарды білдіреді. Қазақстанда қоғамдық келісімді сақтау мақсатында мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар үлкен жұмыс атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағытта негізгі рөл атқарып, этностар арасындағы келісімді нығайтуда белсенділік танытады. Жалпыұлттық бірлік — бұл Қазақстанның барлық азаматтарының ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған бірлігі. Жалпыұлттық бірлік қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, мәдени және діни толеранттылықты қалыптастыру сияқты шаралар жалпыұлттық бірлікті сақтауға бағытталған.

Шымкент — Қазақстанның ең көпұлтты қалаларының бірі. Қалада әртүрлі этникалық топтардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өз мәдениеті мен дәстүрін сақтауда. Шымкенттегі бірлікті нығайту мақсатында көптеген шаралар қабылдануда. Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының филиалы жұмыс істейді, ол этностар арасындағы келісімді нығайтуға және түрлі мәдениет өкілдері арасында достықты арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізеді. Бұл филиал халықты біріктіретін мәдени іс-шараларды, кездесулерді және диалогтарды ұйымдастыру арқылы этносаралық түсіністікті нығайтады. Қалада жыл сайын көптеген мәдениет және өнер фестивальдары өткізіледі, оған әр этностың өкілдері қатысып, өздерінің ұлттық өнерін, тағамдарын және дәстүрлерін көрсетеді. Мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы түсіністік пен достықты нығайтуға, мәдени әртүрлілікті сақтауға ықпал етеді. Шымкентте түрлі этникалық мәдени орталықтар жұмыс істейді, олар өз мәдениетін сақтау мен дамытуға жағдай жасайды. Бұл орталықтар халық арасында мәдени айырмашылықтарды құрметтеуді насихаттайды және этносаралық достықты арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырады. Мектептер мен оқу орындарында этносаралық келісім мен толеранттылық тақырыбында арнайы сабақтар мен тренингтер өткізіледі. Бұл жастарды түрлі мәдениет пен дәстүрді құрметтеуге, қоғамдық келісімді сақтауға тәрбиелеуге бағытталған. Шымкентте түрлі этникалық топтардың өкілдері арасында қоғамдық диалогтарды ұйымдастыру маңызды рөл атқарады. Бұл диалогтар этносаралық түсіністікті күшейтіп, түрлі топтар арасында өзара қолдау мен ынтымақтастықты арттырады. Осы орайда, Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті «Қоғамдық келісім» РММ-нің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі» тақырыбында лекторий бастау алды.  Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін дәріптеуді көздеген лекторийдің ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, мемлекеттік этносаясаттың басым бағыттарына тоқталды. «Біздің алдымызда сан-қырлы міндеттер тұр. Қоғамдағы бірлікті бекемдеу, этносаралық татулықты нығайту, өзара сыйластық пен түсіністікті тұғырынан түсірмеу және  азаматтардың ұлтына, дініне қарай ерекшеленуіне,  оқшаулануына жол бермеу» – деді Сәрсен Абайұлы.  Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлованың модераторлығымен өткен жиында профессор, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, Астана қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығының» төрағасы Аскер Пириев, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің департамент директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, Шымкент университетінің факультет деканы, география ғылымдарының кандидаты Алтынбай Сәулембаев сөз сөйлеп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің мән-маңызын қатысушыларға түсіндірді. Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында екі күнге жалғасатын лекторийге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, медиация кеңесі, журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» сынды қоғамдық құрылымдар мен қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысуда. Айта кетейік, «Достық үйінде» бастау алған лекторий 13-14 қараша күндері Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университеттің базасында жалғасын табады.