ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ «ЖАЙДАРМАН» ОЙЫНДАРЫНЫҢ ¼ ФИНАЛДЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Шымкенттің дарынды жастары «Жайдарман» сахнада өз өнерлерін көрсетті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Жастардың болашағын бағамдайтын мемлекет оның санасының ояу болуын, білімі мен мәдениетінің, тәрбиелі ұрпақтың дұрыс бағытта өсуіне жоғары мән береді. Бүгінде жастар саясаты – қоғамның стратегиялық ресурстарының дамуының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстанның келешегі бүгінгі жас ұрпақпен тікелей байланысты. Жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін Қазақстан өскелең ұрпаққа нағыз мүмкіндіктер алаңына айналып отыр. Олардың кәсіби мансап пен тұлғалық өсу, өзіндік қалыптасу үшін тең мүмкіндіктер қарастырылған. Осы орайда Шымкентте  Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 25 қазан — Республика күніне орай, «Жайдарман» дарынды жастар арасында қалалық ¼ ширек финал ойыны өтті.
Аталған жобаның мақсаты – жастар арасында белсенділігі жоғары, еліміздің түкпір-түкпірінде дамыған «Жайдарман» ойындары арқылы жастардың интеллектуалды ойлау қабілетін арттыру, жастарды ұлтжандылық пен шығармашылыққа тәрбиелеу, жастар арасында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, елімізде белсенділігі күшейген жобада жастарға қолдау көрсету. Жайдарман ойындарының мән-мағынасын, салмақты әзілдерді қолдану аясын түсіндіру және өскелең ұрпақты мәдениеттілікке баулу.
Бүгін қаламыздағы оқу орындары арасында өткен «Жайдарман» ойындарының ¼ финалдық кезеңінде 18 команда жарысқа түсіп, нәтижесінде жартылай финалда 12 команда өнер көрсететін болады.
Айта кету керек, «Жайдарман» — көңілді тапқырлардың өнер көрсететін танымал алаңына айналған. Бүгінде «Жайдарман» телевизиялық ойын-сауық бағдарламасына айналып, жастар арасында танымалдылыққа ие. 2005 жылдары бастау алған «Жайдарман» ойындарынан бүгінге дейін 18 команда чемпионы атанды.