ОҚУШЫЛАРДЫ ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТЕХНОГЕНДІ АПАТТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛУДАН ҚОРҒАУ ЖҮЙЕЛІ ПРОФИЛАКТИКАНЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Түркістан қаласы бойынша мектептерде табиғи және техногенді апатты алдын алу бағытында ата-аналарға ескертулер, ал оқушыларға жүйелі түрде тәрбиелік сағаттар өткізіледі,-деп хабарлайды uakit.kz қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне сілтеме жасап.
Тәрбие сағаттарында төмендегідей бағыттар бойынша оқушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Техногенді апаттың бір түрі – көліктік авариялардың құрбаны болмас үшін келесідей тәртіптерге бағыну қажет.
– Көшеде жүру тәртібін сақта! Жолда жүру ережесін орындамау транспорттың жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Салдарынан жұмысшылар жұмысқа, оқушылар сабаққа, басқа азаматтар бет алған бағытына дер кезінде жетпеуі мүмкін;
– Көшеден өту үшін арнайы белгіленген жермен жүрген дұрыс. Егер бар болса, жерасты жолын пайдаланған жөн;
– Көшеде тоқтап тұрған машинаның қасынан абайлап өт;
– Жүріп келе жатқан машиналардың алдынан өтіп кетемін деуші болма, ол тоқтағанша, не өтіп кеткенше күте тұр;
– Көшеден өтерде әуелі сол жағыңа, көшенің орта тұсына жеткенде оң жағыңа қара. Егер машина келе жатса, өтіп кеткенше сол орныңда, ақ жолақ сызылған тұста күте тұр;
– Көше қиылыстарында бағдаршамда жасыл шам жанған кезде не болмаса өтіңіздер деген сөз көрінгенде ғана көшені кесіп өтуге болады.
Шомылу маусымы кезінде болатын төтенше жағдайлардың басты себептері, азаматтардың құтқарушылармен күзетілмейтін су айдындарында демалуынан, шомылуға жабдықталмаған және арналмаған жерлерде шомылуынан, судағы қауіпсіздік талаптарын білмеуінен және оларды ұстанбауынан, ішімдік ішіп шомылуынан, жүзе білмеуінен, балалардың су жағасында ересектердің бақылауынсыз қалуынан болып тұр. Судағы қайғылы жағдайлардың негізгі себебі азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін дөрекі бұзуынан немесе оны білмеулерінен болып табылады. Мұндайға жол бермес үшін төмендегі ережелерді білу қажет. Атап айтқанда:
– Тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда, ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылу қажет;
– Жүзе алмайтын болсаң белден жоғары келетін суға кірме;
– Шомылу кезінде бір біріңді көзден таса қылма;
– Жағадан алыс, қойылған белгіден ары жүзіп кетпе;
– Жүзе білмей, дөңгелекті, үрлемелі матрасты пайдаланба;
– Жүзіп келе жатқан катерлер мен қайықтарға жақындама;
– Қайықтан, көпірден және кеме аялдайтын орыннан суға секірме;
– Суға көп шомылма, аса тоңып және шаршап қалуың мүмкін;
– Түнгі уақытта суға түспе;
– Тамақ ішкеннен соң 1,5 сағат уақыттан кейін шомылған жөн;
– Балалар жағаларында шомылған дұрыс, олар төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған қажетті құралдармен жабдықталған және қамтамасыз етілген;
– Таныс емес жерлерде сүңгуге болмайды – түбінде батып кеткен бөренелер, тастар, тырбиған ағаштар болуы мүмкін;
– Батпақты жерлерде, балдырлар мен ұйықтар бар жерлерде шомылмаған жөн;
– Үрлемелі матрастармен, автокөлік камералармен, үрлемелі ойыншықтармен жүзуге болмайды – қол астындағы құрал сынып қалуы, жыртылып қалуы мүмкін, адам күтпеген жерде суда қалады, бұл тіпті жақсы жүзе алатын адам үшін де өте қауіпті;
– Дауылды ауа райында немесе қатты толқында шомылуға болмайды;
– Қатты су ағысына түсіп қалсаң, ағысқа қарсы жүзбеңіз, оған күшің жетпейді, бұл жағдайда ағыс бойымен жағаға қарай жылжу қажет;
– Егер етіңіздің сіңірі тартылып қалса, арқаңмен жатып жағаға қарай жүз. Сіңірің тартылып қалған жерді уқалау қажет;
– Көмекке ересектерді шақыруға ұялма.
Ең көп таралған техногенді апат – өрт оқиғалары. Өрт орын таңдамайды. Ол кез келген жерде, кез келген сәтте болады. Мектептерде өрт болған жағдайда төмендегі нұсқаулықтарды еске түсіру қажет.
– Ең әуелі өрт болып жатқан бөлменің есігін жабу қажет;
– Өрт болып жатқаны туралы дабыл қағу керек. Содан кейін өрт сөндірушілерді шақыру қажет;
– Кез-келген адам (мұғалім, оқушы,күзетші) өртті көргенде жедел дабыл қағу керек;
– Дабылды естіген бойда оқушылар сынып жетекшілердің бағыттауымен бір-бірден сыныптан шығып, белгіленген жерге жинаулары қажет. Құтқару кезіндегі қажетсіз есіктерді жабу керек;
– Жиналатын жерді алдын ала белгілеу қажет. Жиылыс орнына келгендер сынып немесе адамдар тобы анық бір жерді белгілеп, жан-жаққа кетпей сол жерде болулары қажет. Сосын әр сынып жетекшісі түгендеу жүргізеді;
– Өрт болып жатқан бөлменің есігін жауып кету керек. Өрттен қашқанда басқа адамға да айтылуы тиіс. Әсіресе өрт туралы мұғалімге айту керек;
– Егер өрт қауіпті болмаса өрт сөндіру құралдарын қолдану қажет.
Оқушылар ересектердің бақылауынсыз қалған жағдайда техногенді сипаттағы апаттың құрбаны болу ықтималы арта түседі. Оны алдын алу үшін мектептерде келесідей түсіндірулер жүргізіледі.
– Күз мезгілінің ерте түскеніне байланысты өзендер мен көлдердің бетін жапқан мұздар өте қауіпті болып келеді. Бұл мұзды басуға болмайды. Күзгі мұз адам басқан салмағынан шатырлап, кауіп туралы ескертеді;
– Су қоймасындағы күзгі мұзды басуға кауіпті. Балалар және балық аулаушылар тұрған мұз үлкен бөлшектерге бөлініп жарылған жағдайлар да болған. Оларды құтқару үшін тікұшақ және кішкене кемелер пайдаланған;
– Күзде балаларға су қоймаларын кесіп өтуге тыйым салынады;
– Күзде өзендердің мұзы жарылып кету қаупі болады. Сондықтан балаларға ойнауға болмайды;
– Мұздан мұзға секіріп, жағадан алысқа кету өте қауіпті. Мұндай әрекет қайғылы жағдайға әкеледі;
– Қатерге ұшырасаң шу көтермей, даурықпай, тыныштық сақтау керек;
– Мұз бөлінген жағдайда қолыңды екі жаққа созып, мұзға кеудемен немесе арқамен аяқты созып жатуға тырыс;
– Су үстіне қалқып шығуға, немесе қалың мұз үстіне жүзіп баруға тырыс. Мұз үстіне алдымен бір аяқты, содан кейін екінші аяқты салу керек;
– Егер мұз әлсіз болса, мұздың қалың жеріне аунап түсіп, жағаға қарай жылжу керек;
–Келген жағыңа қарай еңбектеу керек, себебі ол жердің мұзының мықтылығы тексерілген;
– Суда құтқару қызметі көктемгі тасқын және сең жүру кезінде қайғылы оқиғалар көп болатынын, оның себебі су қоймаларындағы қауіпсіздікті сақтамаудан, көктемде мұз мықты болып көрінгенімен әлсіз болатынын ескермеуден болатынын ескертеді;
– Есіңде болсын. Қалыңдағы 7 сантиметрден жұқа болса, мұз үстіне шығуға, дұрыс қатпаған, бетін қар басып калған мұз үстінде сырғанауға және топ болып тұруға, мұз үстіндегі білмейтін жерлерге жағажайдағы жардан сырғанып түсуге, тез су ағымы бар жерлерде, бұлақты жерлерде ойнауға, мұз үстінен қауіпсіздік белгілері жоқ жерден өтуге болмайды.
Су тасқыны кезінде ескерілетін ережелер:
– Ғимараттың жоғарғы қабатына немесе жақын жерде орналасқан қырға көтерілу керек;
– Егер көмекке мұқтаж болсаң – апат дабылын беру керек. Суға құлау қаупі болған жағдайда киімнің астынан жеңіл суда батпайтын заттарды (пластикалық бөтелке, доп, пенопласт кесектері) байлап алу қажет.