ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ
Өткен жылы өңірде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыру мақсатында 57 056 жас жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде, тұрақты жұмыс орындарына 23 407 жас, яғни 43%-ы орналасты. Екі қолға бір күрек тапқандардың қатарында Түркістан қаласының жастары да бар.
Ал жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікті қолдау, уақытша жұмыс орындар сипатындағы қамту шараларына былтыр 19 203 жас қатысты. Оның ішінде, жастар практикасымен 9007 адам жолданса, тұрақты жұмысқа 23407, қоғамдық жұмысқа 6350, әлеуметтік жұмыс орындарына 1716, алғашқы жұмыс орнына 2130 азамат орналасты. Мемлекеттік грантқа 702 азамат ие болды. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерге оқуға – 11740, enbek.kz платформасында онлайн оқытуға – 1808, қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 196 азамат жолданды. Жастар ресурстық орталығының басшысы ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралар мен жобалар қатарын арттырған. Жобаларды ұйымдастыруда отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың көшбасшылық қабілетін арттыруға ден қойылған. Мәселен, аудандық деңгейде ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында «Мергендер» сайысын, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Плоггинг» тазалық іс-шарасын, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлағатты ана – ұлт мерейі» аналар мен қыздар форумын, білімді орта қалыптастыруды көздейтін «Жастар – БИЗНЕСТЕ», «Әр күн – жаңа мүмкіндік» атты семинар-тренингтер өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық деңгейде әскери-патриоттық «Біз жауынгер» жобасы, «Al-Farabi» интеллектуалды шоуы секілді жаңашыл және жастар арасында сұранысқа ие желілік жобалар ұйымдастырылып келеді. Бұдан бөлек, өнерді шыңдауға бағытталған «Түркі елдерінің талантты жастары» халықаралық талантты жастар тележобасы қолға алынды.
Бұдан өзге Түркістан қаласында отбасылық құндылықтарды насихаттауға басымдық беріліп келеді. Мәселен, лудомания, суицид секілді қазіргі заман дерттеріне қарсы шараларды қолға алынып жатыр. Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы халық саны 2,1 миллионды құраса, соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 мыңнан асады. Бұл – өңір халқының 30 пайызын құрап отыр.