СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, парасаттылық және ашықтық қағидаттарын енгізуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға байланысты кешенді алдын алу жұмысына баса назар аударылуда.
Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мекеменің атқарған жұмыстарын қорытындылау барысында Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында хабарлады. «Бүгінгі таңда әлемде корпоративтік парасаттылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы комплаенс институты болып табылады. Комплаенс мамандарының міндеттерінің бірі — құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау» деді. Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 206 комплаенс-офицерлер қызмет атқаруда. Сонымен қатар, брифинг барысында ол алдын алу жұмысының маңызды құрамдас бөлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелеріне тоқталды. «Бұл институт мемлекеттік органдардың ұйымдық-басқарушылық қызметіндегі және олар шығаратын құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жоюдың нақты тетігіне айналды. Жыл басынан бері Департаментпен 2 мекеменің қызметінде сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 56 ұсыным енгізілді»,- деді Ж.Жұмабаев. Брифинг барысында жобалық басқару бағыттарының бірі-сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сияқты жобалардан тұратын №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы іс-қимыл» (ҮББ-4) үлгілік базалық бағытының негіздері егжей-тегжейлі түсіндірілді.