ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА

73
0

Халықты жұмыспен қамту ісі қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да бар. Өз кезегінде, осы бастамалардың игілігін көріп жатқан тұрғындар да баршылық. Жалпы ағымдағы жылы Шымкент қаласында жұмыспен қамту шараларына 57 мыңнан астам азаматты қатыстыру жоспарланып отыр.

Осы жылдың алғашқы бес айында 22 мыңнан астам адам қамтылды. Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 7,2 млрд теңге қарастырылған. «Тең қоғам» орталығында 1900 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 4,5 млрд теңге қаржы қарастырылды. 2021 жылы 3,7 млрд теңге қаралған болатын. «Бақытты жанұя» орталығында 7062 көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Айта кету керек, Шымкентте «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несиелік бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау жүріп жатыр. Аталған конкурс 20 маусым мен 19 шілде аралығында www.otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталы арқылы жүргізіледі. Бағдарламаға қатысушылар – санаттары мен кезекке қойылған жылына қарамастан қатысуға өтінім бере алады. Әрі қарай, жүйе автоматты түрде кезекке тіркелу өңірлері, кезекке тұрған күні мен санаттары бойынша қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдерін қалыптастырады. Тұрғын үйге кезекке тіркелген күні, кезекке тіркелген санаты және өтінім беру уақыты қатысушының негізгі тізімге ілігуінің айқындаушы фактор болады. Азамат үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы, толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек) санатындағы азаматтар қатыса алады. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша Шымкент қаласына 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд теңге көлемінде лимит бөлініп отыр. Жалпы әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды қолдау мен халықты жұмысқа орналастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.