ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ТОҚТАМАЙДЫ

189
0

Шымкент қаласында құрылыс қарқын алған. Бүгінде қала аумағында көптеген тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұдан бөлек, тұрғын үй сатып алуға көмектесетін мемлекеттік бағдарламалар да жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Жалпы үшінші мегаполисте қолданысқа берілетін тұрғын үйлердің көлемі жыл өткен сайын артып келе жатқанын да айрықша айта кету керек.

Мәселен, өткен жылы қалада бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй берілген болатын. Биыл да осы межеден асу жоспарланып отыр. Нақтырағы, 1060 мың шаршы метр пайдалануға беріліп, өсім — 4,7%-ды құрайды деп күтілуде. Оның ішінде бюджет есебінен 51 көпқабатты тұрғын үйді (2972 пәтер, 239,3 мың ш.м) пайдалануға беру жоспарлануда. Баспана кезегінде тұрған азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде 500 млн. теңгеге 500 тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылды. Одан бөлек, қала тұрғындарының ұсынысы бойынша 18 көпқабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен көпқабатты тұрғын үйлердің бірлестіктері немесе жай серіктестікті енгізу жөніндегі реформасы 100 пайыз іске асырып, «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасы бойынша тұрғын үйді басқару жүйесін Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы енгізгенін айтты. Айта кету керек, Шымкент қаласының құрылыс басқармасына 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд. теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, Инженерлік инфрақұрылым бойынша 15 нысан (Тұран шағынауданындағы 5 жоба, Бозарық ш/а 6 жоба, әкімшілік іскерлік орталықтағы 2 жоба және Жанаталап тұрғын алабындағы 2 жоба) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарлануда.