16 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫ ІСКЕ ҚОСУ ЖОСПАРЛАНҒАН

69
0

Шымкент қаласы елімізде инвестиция тарту бойынша көшбасшы екені белгілі. Бұл жөнінде премьер-министр Әлихан Смайылов бір емес бірнеше рет айтты. Жалпы үшінші мегаполисте аталған бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатыр. Қолға алынған игі бастамалардың арқасында өңірдегі өңдеу өнеркәсібі қанат жайып келеді. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнестің өңірлік өнім көлеміндегі үлесі де арта түскен. Болашақта инвесторларға жайлы орта қалыптастыру ісі жалғасын табады.

Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі 52,3 млрд теңгені құрап, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды. Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасы бар. Жоба құны 23,4 млрд теңгені құрайды. Жаңадан 145 жұмыс орны ашылды. Онда жылына 500 млн дана алюминий банкілерін шығару жоспарлануда. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады. Жалпы қаладағы 4 индустриялды аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Айта кету керек, Шымкент қаласы экономикаға тартылған инвестиция көлемінің өсімі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы жылдың 5 айында қалаға 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде шаһар экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Қала әкімінің айтуынша, инвестиция негізінен құрылыс және өнеркәсіп салаларына бағытталып жатыр. Мәселен өнеркәсіп секторында 16 инвестжоба іске асырылмақ. Жалпы құны 52 миллиард теңгелік бұл жобалар жаңадан 1 мың тұрақты орнын құру көзделуде. Мұнан бөлек Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі пулы әзірленген. Оған жалпы құны 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 242 жоба еніп отыр. Соның ішінде 159,7 миллиард теңгелік 50 жоба биыл іске асады деп күтілуде.