ТРАНСФОРМАТОР МАҢЫНДА ОЙНАМА!
Естеріңізде болса осы жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысында бес жасар бала подстанция маңында ойнап жүріп, токка түсіп, екі бірдей қолынан айырылған болатын. Бұл оқиғаны барша жұрт үлкен өкінішпен қабылдады.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мұндай орны толмас өкінішті жағдайлар орын алмас үшін ата-аналар балаларға келесі әрекеттерге баруға қатаң тыйым салынатынын айтып, оның салдары не болатынын түсіндіруге шақырады.
Балаларға келесі әрекеттерге қатаң тыйым салынады:
– электр қондырғыларға ену, электр шкафтарының, жинақтардың, қалқандардың есіктерін ашу;
– электр беру желілерінің астында ойнау, ойнау үшін кернеуде түрған электр қондырғылар мен жабдықтарға жақын орынды пайдалану;
– электр берудің әуе желілерінің тіректеріне шығу, тіректердегі оқшаулағыштарды бұзу;
– 8-10 метрден жақын қашықтықтағы жердегі үзілген, салбырап түрған немесе жатқан сымға жақындау;
– сымдарға ағаштар, баспалдақтар, үйлердің шатырлары және құрылыстар арқылы 1,5 метрден жақын қашықтыққа жақындау;
– электр жеткізудің әуе желілерінің сымдарына бөгде заттарды лақтыру, олардың жанында шарларды ұшыруға;
– электр жеткізудің әуе желілері тіректерінің астында от жағуға (құрғақ шөп, жапырақтар, қамыс жағу);
– ересектердің рұқсатынсыз электр құралдарын пайдалануға, электр құралдарын бөлшектеуге;
– электр құралдарының сымдарын дымқыл қолмен ұстауға, сымнан тартуға, розеткаға бөгде заттарды салуға.
Сонымен қатар басқарма мамандары балаларды өзге де қауіпті жағдайлар туралы айтып, оларды үнемі сақ болып жүруге үйретуді ескертеді.