4 ЖЫЛДА ҚАЛАДА ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 60 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

96
0

Шымкент қаласына республикалық қала мәртебесі берілгеннен бері шаһардағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері әлденеше есе артты. Өңірдегі өнеркәсіп дамыды. Шағын және орта бизнестің дамуына жасалған жағдайлардың арқасында мыңдаған жұмыс орындары ашылды.

Соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өсті. Бұл туралы қала басшысы Мұрат Әйтенов «Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд теңгеден 785,4 млрд теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Сонымен бірге 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Ал, қала бюджеті 146,2 млрд теңгеден 573,7 млрд теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді. Бұл – алдыңғы 8 жылмен бірдей» деді. Биыл қалада «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 24 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақысы 25 пайызға, 17 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы 20 пайызға, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбекақы 25 пайызға өсті. Жалпы Шымкент қаласында 2022 жылдың І тоқсанында орташа жалақы 23,3 пайызға өсіп, 216867 теңгені құрады. Айта кету керек, биыл Шымкент қаласының экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. 2022 жылдың 5 айында 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылып үлгерген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп тапсырған болатын. Осыған орай, Қаратау ауданында екі бірдей индустриалды аймақтарын яғни “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы және “Агроиндустрия» аймағының ашылу жұмыстары қызу басталды. “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы 23 млрд.теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыруды көздей отырып, 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды да қолға алмақ. Ал,  “Агроиндустрия» аймағы 11 млрд.теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырса, 369 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлауда. Жалпы қорыта келгенде аталған аймақтарда 35 жоба жүзеге асырылып, 2000-ға жуық жұмыс орны ашылатын болады. Бұл көрсеткіштер өңіріміздің экономикалық дамуына серпін беретіні сөзссіз. Қаратау ауданында “Тассай” индустриалды аймағы қарқынды жұмыс атқаруда. Бүгінде индустриалды аймақ жұмыс істеуінің барлық кезеңдерін қамтығанда 4,6 млрд.теңге салық төлеп, мемлекет қазынасын толтырды.