ҚЫС МЕЗГІЛІ ҚЫРАҒЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Қатты жауын-шашын кезінде көлік тізгіндеу әдеттегіден қиынға түседі. Сондықтан да жүргізушілер жолда қырағы болып, бірқатар ережелерді сақтауы қажет.

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Мейрамхан Базарбек осылай дейді.

Және ол жүргізушілер көліктік авариялардың құрбаны болмасы үшін келесідей ережелерді қаперге алуы аса маңызды екенін алға тартады.

Атап айтқанда, қатты жауын-шашын, тұман күтілетін аймақтарға сапарға шығуды кейінгі қалдыру, 112 қызметінің СМС-хабарламаларын, БАҚ-тағы ақпаратты, теледидар, радио жаңалықтарын назардан тыс қалдырмау керек.

«Дәрмен» мобилді қосымшасын жүктеп, ел аумағында қолайсыз ауа райына байланысты жабылған жолдар туралы ақпараттарды әрдайым назарда ұстау қажет.

Одан өзге ол екпіні қатты жел болған кезде ағаштардың, электр желілерінің және басқа да ілулі құрылымдардың астына автокөлікті қоймауға кеңес береді.  Ең дұрысы автокөліктерді тұрақ орнына қойған жөн.