ШЫМКЕНТТЕ «ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» 300-ДЕН АСА АЗАМАТҚА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

99
0
Шымкенттегі бейімдеу орталығының мамандары зейнеткерге құжатын рәсімдеп беруге көмектесті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» 2000 жылы ашылған. Мекеме кәмелет жасқа толған белгілі тұрғылықты жері жоқ, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ және шартты түрде сотталған азаматтарға қызмет көрсетеді.
Бұдан бөлек, мекеме өкілдері қызмет алушыларға құжаттарын рәсімдеу, медициналық тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға орналастыру, жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегіне тұрғызу секілді әлеуметтік көмектер көрсетеді.
Солардың бірі – Мухортова Лидия Ивановна. Тағдырдың жазуымен осы орталыққа келіп түскендердің бірі. Өз балалары болмаған зейнеткер кеңестік құжатпен қалып қойған екен (қызыл паспорт). Мекеме мамандары қарияға толық көмек көрсеткен.
«Мен, әлгі КСРО (Кеңестік социалистік республикалар одағы) заманындағы қызыл паспортпен қалып қойдым ғой, оны қайта рәсімдеп жүретін уақытым болмады. Осындағы қызметкер балалар жан-жаққа сұрау салып жүріп осы жақында Қазақстан азаматының жеке куәлігін әперді. Содан кейін, зейнетақымды рәсімдеуге көмек көрсетті»,— деді Лидия Ивановна.
Жыл басынан орталықта 42 азаматтың жеке басын анықтайтын құжаты рәсімделген. Бес азаматқа жасына байланысты зейнеткерлік тағайындауға ықпал етілген. Сегіз азаматқа мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындауға көмек көрсетілген.
Бұдан бөлек, жуырда Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізген болатын. Жәрмеңкеге қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан 190 жұмыс беруші мекеменің, 500-ден астам бос жұмыс орындары ұсынған. Іс-шараға 50-ге жуық пробация қызметінің есебінде тұрғандар қатысып, кеңес алды, сондай-ақ 13 азамат жұмысқа орналасуға жолдама алды.