ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

64
0

Ұлт саулығы қашан да маңызды. Азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануы жалпы қоғамның сапалық көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту ісі жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Қала аумағындағы көпқабатты үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары көптеп орнатылып жатыр. Ал бірқатар қауіпті аурулардың таралуына қатысты нақты іс-шаралар жоспары бекітілген.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты. Ағымдағы жылдың 6 айында қала бойынша жалпы туберкулездің 171 жағдайы тіркелген. Оның ішінде өкпе туберкулезі 135. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда жалпы туберкулез аурушаңдығы 5 жағдайға, өкпе туберкулезі 8 жағдайға өскен. Осы тұста айта кетерлігі жаңа туылған нәрестелерге перзентханада туберкулезге қарсы Кальметт- Герен Бацилла вакцинасымен (БЦЖ) егіледі және 6-7 жастағы 1 сыныпқа баратын балаларға Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда, Кальметт-Герен Бацилла вакцинасымен қайта егу (ревакцинация) жүргізіледі. Ал 14 жасқа дейінгі «Жоғарғы қауіп тобындағы» және туберкулез ошақтарындағы балалардың арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында Манту сынамасымен жылына 1 рет қамтылады. Ересектер мен жасөспірімдер міндетті түрде флюорографиялық тексеруден жылына бір рет өтуі тиіс. Профилактикалық флюорографиялық тексерудің мақсаты – ересектер мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез аурушаңдығын ерте анықтау. Туберкулез ауруы ерте анықталмаған жағдайда ауру бациллярлы түрімен немесе туберкулездің асқынған түрімен анықталып, қоғамға қауіпті күшейтеді. Ем қабылдамаған әpбip науқас жылына 10 адамнан 15 адамға дейін туберкулез ауруын жұқтыруы мүмкін. Туберкулезге шалдыққандардың 54%-ын 18 бен 44 жас аралығындағы жұмыс істеуге қабілетті адамдар кұрайды. 2022 жылдың 6 айлық қортындысы бойынша Шымкент қаласында туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шыққанда екі жылда да бір деңгейде сақталып, 15,3 құрап отыр. Ал өлім көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы 9,1 пайызға төмендеп отыр. Ал туберкулездің асқынған жағдайы тіркелмеген. Туберкулездің алғашқы белгілері байқалған жағдайда, яғни жөтелдің екі аптадан астам уақытқа созылуы, дене қызуының көтерілуі, кеуде қуысының ауыруы және шаншуы, дене салмағының түсуі, түнгі уақытта терлеу, тәбеттің төмендеуі, қатты шаршау және әлсіздік. Осы белгілер байқалған жағдайда, тексерілу үшін тұрғылықты және оқу орны бойынша медициналық мекемеге жүгінгеніңіз абзал. Уақытында анықталған туберкулез тез сауығып кетуге көмектеседі.