ЖАСТАР ЖЕТІСТІГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҮНДЕЙДІ

94
0

Жастар – ұлт үмітін арқа­лаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде елі­міз­дің дамуы үшін жа­уапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялан­уы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Омы орайда, Шымкентте жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінгі материалымызда сол қолдаулар турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, үшінші мегаполисте 245 мыңнан аса жастар болса, оларға қолдау көрсету мақсатында 4 ауданнан жастар ресурстық орталықтары ашылып, жыл басынан бері 21 мың жасқа қызмет көрсеткен. Одан бөлек, 9 ірі сауда орталығында жастар ұйымдары құрылған. Олар кәсіпкерлікті дамыту және заңдастыру, спорттық шараларға тарту сынды бағытта жұмыс істейді. «Профновигация» жобасы аясында мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар жұмыстары бойынша 56 кездесу мен семинар-тренингтер, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында NEET санатындағы жастар туралы тұжырымдама әзірленіп, бекітілген. Жыл басынан 27 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 4100 жас қамтылған. «Мобильді топ» 48 шалғай елді мекенді аралап, 15 000-нан астам жасқа ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізген. 6828 жас мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 162 жас алғашқы жұмыс орындары, 123 жас әлеуметтік жұмыс орындар, 3 623 жас тұрақты жұмыспен, 996 жастар практикасымен, 1 924 жас қоғамдық жұмыс орындарына жолданған. Жастарды кәсіпкерлік іске баулу, жұмысқа орналастыру, оларға заманауи технологияны меңгерту күн тәртібінен түспей отырған өткір мәселелердің бірі. Әлеуметтік мәселесін шешу үшін, алдымен жұмыс мәселесін шешу қажет. Жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндік көп. Соны түсіндіру, жан-жақты қолдау көрсету – негізгі міндет. Жастар орталықтарында осы бағыттағы жұмыстар күшейе түскен. Жалпы үшінші мегаполисте жастардың өз қабілетін ұштап, дарынымен даралануына арналған түрлі бағдарламалар бар екенін айта кету керек.