ШЫМКЕНТТЕ ҚОҚЫС АЛАҢШАЛАРЫНА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

69
0
Шымкент қаласы Қаратау ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің маңындағы қоқыс контейнерлері жаңартылып, айналасы қоршалып жатыр, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қарашаның басында басталған жұмыс жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Ауданда 554 көпқабатты үй 176 аулаға біріктірілген. Осы аулаларда 96 қоқыс алаңы бар. Бүгінде 30 қоқыс алаңшасындағы қоқыс контейнерлердің тозығы жетіп, жаңасына ауыстырылуда. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Пармановтың сөзінше, жаңа жылдан бастап ауданда тұрмыстық қалдықтарды іріктейтін жоба жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта замануи қоқыс алаңын салатын инвесторлармен екіжақты келіссөз жүргізіліп жатыр.
«Биыл қоқыс алаңшаларын зерделеу барысында 385 жаңа контейнер қажеттілігі анықталып, ол үшін бюджеттен 71 млн. теңге қаржы қаралды. Осы контейнерлер тұратын 30 алаңша салуды да қолға алып отырмыз. Қазірге дейін 15 қоқыс алаңының айналасы қоршалып, төбесі шатырмен жабылды. Жыл соңына дейін тағы 15 алаңша пайдалануға беріледі. Бұл қолайсыз ауа райы кезінде тұрмыстық қалдықтардың шашылуының алдын алу үшін жасалуда. Осы мақсатқа жалпы 16 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Ендігі кезекте тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату жобасын жүзеге асырғалы жатырмыз. Жуырда бірнеше мердігер өз жобасын ұсынды. Қазір екі жақты келіссөздер жүргізілуде. Жаңа жылдан бастап ауданда осындай инвестициялық жобалар өз жұмысын бастайды», — деді Азамат Бұхарбайұлы.
Орнаталып жатқан контейнерлер Қарағанды қаласында өндірілген отандық өнім.
Контейнерді қалдықтан босату үшін арнайы құрылғы көмегімен көлікке аударуға өте ыңғайлы етіп жасалған. Ауласында қоқыс жәшіктерінің жаңарғанына тұрғында да риза.
Аудан тұрғыны Валентина Романовна осындай игі іс үшін әкімдік өкілдеріне алғысын жеткізді.
«Бұрын мұнда екі-ақ контейнер болса, қазір бесеуін қойыпты. Айналасы қоршалған, қоқыс тастауға да ыңғайлы болды. Осындай бастамаларды атқарған әкімдік өкілдеріне көп рақмет», -деді тұрғын.