ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ ЕСКЕРТУІ ЕЛЕНУІ ТИІС
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы өрт қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету бағытында тұрғын үйлерді аралап, абоненттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде,-деп хабарлайды uakit.kz.
Түсіндіру жұмысы жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасатынын бұған дейін де хабарлағанбыз.
Өз кезегінде басқарма инспекторлары анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындарға ескерту жасайды. Тиісінше тұрғындар кемшіліктер бойынша айтылған ескертулерден нақты нәтиже шығарып, олқылықтың орнын толтыру керек.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы «Азаматтық қорғау туралы заңында» жеке тұлғалардың мемлекеттік инспекторлар мен азаматтық қорғау органдарының нұсқамаларын және заңды талаптарын орындауға міндетті екені жазылып, шегеленген. Сонымен қатар аталған заңда жеке тұлғаларға қатысты бірнеше талаптар көрсетілген. Атап айтқанда, 112 шұғыл көмекке қоңырау шалу арқылы өздеріне белгілі болған төтенше жағдайлардың туындау қатері немесе туындағаны туралы хабар беруге, «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы бойынша іс-қимыл тәртібін білуге және орындауға, азаматтық қорғау бойынша оқудан өтуге, тұрмыста және күнделікті еңбек пен шаруашылық қызметте қауіпсіздік шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соғуы мүмкін өндірістік және технологиялық тәртіптің, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол бермеуге тиіс.
Сонымен қатар өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін адамдарды, мүлікті құтқару және өрттерді сөндіру бойынша қолдан келген шараларды қабылдауға, өртке қарсы қызметке өрттерді сөндіру кезінде оларды сөндірумен тікелей байланысты емес жәрдем көрсетуге, мемлекеттік инспекторлар мен азаматтық қорғау органдарының нұсқамаларын және заңды талаптарын орындауға міндетті екені көрсетілген.
Аталған заңда жеке тұлғаларға қатысты төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою бойынша өткізілетін оқу-жаттығулар мен жаттығуларға қатысуға, халықты және объектілерді қорғау құралдарына ұқыпты қарауға міндетті екені белгіленген.