«ҚЫС-2022»: ШАРАҒА 118 АДАМ МЕН 41 ТЕХНИКА ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ

115
0

Бүгін Түркістан қаласында «Қыс-2022» республикалық командалық оқу-жаттығуы өтті. Ауқымды іс-шара аясында  азаматтық қорғау саласында қызмет ететін инспекторлардың біліктілігі, құтқарушылардың тәжірибелік дағдысы шыңдалды.

Шараға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшылары қатысты.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша таңғы сағат 08.00-де «Дабыл-1001» сигналы берілді. Сценарий бойынша республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу шарасына жұмылдырылған 118 адам мен 41 техника қала аумағында орын алған техногенді апаттар бойынша құтқару жұмыстарына тас түйін дайын отырды. Одан кейінгі шартты жағдай келесідей өрбиді.

Ауа райы да қолайсыз. Бұл туралы синоптиктер дауылды ескерту жариялаған. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Далада жапалақтап жауған қар  мен сынап бағасының -30 °C әсерінен орталық қазандықта авария орын алды. Қыстың көзі қыраудағы бұл апат салдарынан жылу беру кілт тоқтады. Бұл туралы хабарлама 112 пультіне жедел жеткізілді. Хабарлама түскен бойда құтқару қызметі апат болған мекенжайға жедел жетті. «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының орталық қазандығынан жылу алатын 1500 абонент пен өзге де мекемелердегі адамдар дірдек қақпас үшін құтқару қызметі шұғыл іске кірісті. Орын алған олқылықты реттеп, көп қазандық қайта іске қосылды.

Оқу-жаттығу барысында зардап шеккендер болмады.