КӨГІЛДІР ОТЫНДЫ САҚТАУ ҚЫРАҒЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Тұрмыста пропан баллондарын қолдану ережелері туралы uakit.kz бұған дейін жазған болатын. Пропан баллондарын қолдану ережелерін сақтамаса адам өмірі мен қоршаған орта үшін қауіпті екені айдан анық. Сақтық ережелері тек тұрмыста емес, оны сақтау кезінде де аса маңызды.

Газ баллондарын сақтауға арналған қоймалар бір қабатты және шатырсыз болуы тиіс. Газы бар баллондар сақталатын бөлмелердің терезелері күннен қорғайтын материалмен жабылуы қажет. Баллондарды ашық алаңды құрылымдарда сақтағанда, оларды жауын-шашын мен күннен қорғайтын құрылымдар жанбайтын материалдардан жасалуы керек. Баллондарды сақтау орындарының айналасында 10 метр қашықтыққа дейін қандай да болмасын жанғыш материалдар сақтауға және отқа байланысты жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.

Баллондар орнатылған шкафтар мен дүңгіршектер, оларда жарылыс туғызатын қосындылар түзбеу үшін табиғи жолмен желдетілетін етіп құрылуы қажет.

Баллондарды жинау кезінде бір-біріне соғуға, қақпағын және баллонның өзін жерге құлатуға болмайды.

Газдар сақталатын орындарда ақаусыз жұмыс істейтін газ анализаторларын орнату қажет. Газ анализаторлары болмаған жағдайда объект басшысы үлгі алу мен бақылау тәртібін орнатуы қажет.

Баллондардан газ шығу жағдайы анықталғанда олар шұғыл түрде қоймадан шығарылуы қажет. Газ қоймаларында басқа материалдар мен заттарды сақтауға рұқсат етілмейді.