МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫП, ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТІП ОТЫРҒАНДАР КӨП

84
0

Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан барынша жағдайлар жасалып келе жатыр. Өз кезегінде, берілген мүмкіндікті пайдаланып, жұмысын бастап, игілігін көріп жатқан жандар да баршылық. Соңғы уақытта Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламаның қыр-сырына қанық болып, көмек алып жатқан көптің қатары қалыңдап келеді. Бүгінгі материалымызда солардың бірнешеуі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Мемлекеттік гранттың игілігін көргендердің бірі – Әйгерім Ережепова. 32 жастағы көпбалалы ананың мамандығы – дизайнер. 6 жылдан бері тігіншілікпен айналысып келе жатыр. 2022 жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығының Instagram парақшасынан сәуір айында мемлекеттік грантқа құжат қабылдаудың басталатындығы туралы хабарландыруға көзі түскен ол тұрғылықты мекенжайы бойынша көпбалалы санатымен тиісті құжаттарын өткізеді. Уақыты келгенде арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап, оған грант (400 АЕК) тағайындалған. Алған қаражатына заманауи үлгідегі цифрлы тігін машинасын, ноутбук және өзге де қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Қазіргі таңда кәсіп иесі тапсырыспен түрлі бұйымдарды тігуде. Тіпті instagram-нан парақшасын да ашқан. «Адам алдына қойған мақсатына жету үшін әрекет етуі керек. Еңбектенуі тиіс. Сонда ғана қандай да бір жетістікке қол жеткізе алады. Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға мемлекеттің қолдауы көп. Соның бірі — мемлекеттік грант. Жеке, шағын кәсібін бастауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндік маған да туды» дейді ол. Бүгінде кәсіпкердің жұмысы жүріп, табысы да артқан. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген көптің қатарында қала тұрғыны Азиз Бакибаев та бар. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі. «Атамекен» палатасында  кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені бұл менің сүйікті кәсібім болатын.  Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады» дейді ол.