ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жұмысшылар көп болғанда ғана сала дамиды. Өз кезегінде, олардың біліктіліктері заман талабына сай болуы тиіс. Жалпы еңбек адамының құқығын қорғау саласына елімізде айрықша назар аударылып отыр.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің басшысы Өнербаев Бахтияр Әлтайұлы журналистерге Қазақстан Республикасының Əлеуметтік Кодексінің жобасы туралы ақпарттармен бөлісті. Жалпы Кодекс алты бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, отбасының сандық картасын енгізу, жұмыспен қамтудың жаңа саясаты, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларға қолдау көрсету шаралары, арнаулы əлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру. «Әлеуметтік Кодекс жобасында жұмыспен қамтудың жаңа саясатын іске асыру үшін еңбек нарығын ырықтандыру, яғни, икемді жұмыспен қамту үшін жағдай жасау; жұмыс күшінің біліктілігін арттыру, бұл дегеніміз, жаппай оқыту жəне білім сапасын арттыру; еңбек ресурстарының ұтқырлығын жандандыру; таланттарды тарту көзі ретінде сыртқы көші-қонның жаңа тəсілдерін енгізу; жастардың креативті əлеуетін көтеру арқылы оларды еңбек нарығына тарту және еңбек делдалдығын дамыту, ол деген, жұмыспен қамтуға жəрдемдесуді күшейту бағытындағы міндеттер мен бастамалар қарастырылған»,- деді Бахтияр Әлтайұлы. Брифинг барысында Әлеуметтік Кодекстің барлық тармақтарымен қысқаша таныстырып өткен департамент басшысы алдағы уақытта, халыққа түсінікті болу үшін, әр бөлімге жекеше тоқталып, толық мәліметтермен бөлісуді жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Сонымен қатар, брифингке қатысқан «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалының жетекшісі Д.Тиллабеков Əлеуметтік Кодекске отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілетіндігі туралы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталғандығы жөнінде айтып өтті. Баспасөз мәжілісі барысында сөз алған «Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы» АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Қ.Керимов жалпы азаматтардың және жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің арасындағы өмірді сақтандыру келісім-шартының міндеттерімен таныстырды. Ол әрбір жұмыскердің өмірі мен қауіпсіздігі жұмыс беруші тарапынан сақтандырылуы міндетті екендігін атап көрсетті.