БИЫЛ 28 МЫҢ ОҚУШЫ 1-СЫНЫПҚА БАРАДЫ

74
0
Биыл жаңа оқу жылында қаладағы білім ұйымдары қосымша 48 нысанға артып, жалпы саны 946-ға жетті. Отыз балабақша, он бес мектеп пен 1 оқушылар сарайы, сондай-ақ психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес пен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемелері биыл ашылып, білім нысандарының қатарын көбейтті.
Осы жылы қала бойынша 28 042 оқушы 1-сыныпқа барады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 24 500 бала, 2022 жылы 26 500 бала 1-сыныпқа барған. Яғни жыл сайын қалада бала саны өсіп келеді. Оның ішінде қазақ тілінде – 21 572, орыс тілінде – 4 125, өзбек тілінде – 2 345 оқушы қабылданып отыр. Ал жалпы, бүгінде 246 қала мектебінде 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Жүзге жуық мектеп жекеменшік болса, қалғаны мемлекеттік мектептер санатында. Сонымен қатар биыл «Мектепке жол» акциясы дәстүрге сай тамызда емес, одан ертерек басталды. Акция барысында жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушының әрқайсысына оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 41 мың теңгеден таратылды. Шымкентте мұндай оқушылардың саны – 53 893 бала. Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясына 2 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында 1-4 сыныпта оқитын оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылады. Айта кету керек, Шымкент қаласының Арғынбеков-Шаяхметов көшелерінің қиылысында орналасқан №2 оқушылар сарайында бүгін ашық есік күні өтті. Жаңадан ашылған оқушылар сарайы жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда «Mindal.kz» порталына тіркелу әлі де жүріп жатыр және белгілі мерзімде тіркелу уақыты бітіп қалмайды, яғни жыл бойына өзіңіз таңдаған үйірмелерде бос орын шықса, кез келген сәтте тіркеліп, өтініш қалдыра аласыз. Осы кезге дейін №2 оқушылар сарайына Mindal.kz бірегей платформасы арқылы өтінім білдіргендердің саны 4 мыңнан асты. Бұл — күн сайын мыңнан астам өтініш келіп түсіп жатыр деген сөз. Оқушылар спорт және сауықтыру бағытында 15 үйірме, гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында 5, өнер және музыкалық бағытта 14, психологиялық дайындық бағытында 3, көркем эстетикалық бағытта 5 үйірме бар. Үйірменің жалпы саны – 53. Ал ғылыми-техникалық бағыт бойынша 11 үйірме бар.