БІЛІМГЕ ҚАРАЛҒАН ҚАРЖЫ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

74
0

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен М.Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымына қайта тағайындалды. Бұл шешім — өңірдегі атқарылып жатқан істердің нәтижесін бірге көру үшін үлкен мүмкіндік.

Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен бүгінге дейін атқарылған іс жетерлік. 2020 жылдан бері Шымкент қаласы жан-жақты дамып, өркендеп келеді. Оны қала бюджетінің 4 есеге өскенінен-ақ байқауға болады. Бюджет көлемінің артуы мегаполистің ары қарай да жан-жақты дамуына жол ашпақ.

Мәселен, демографиялық өсімі жоғары Оңтүстік өңірі үшін балабақша, мектеп мәселелері назардан тыс қалған емес. Жалпы, демографиялық өсім мен республика ішілік көші-қон әсерінен Шымкентте ғана емес, республикадағы ірі қалалардың барлығында мектеп тапшылығы сезіліп отыр. Бұл мәселені тиімді шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 5 жылдық кешенді бағдарлама түзіліп, соның негізінде жұмыс жүргізіліп отыр. Шымкентте 2025 жылға дейін 86 079 орындық 101 мектеп салу жоспарланған. Мәселен, 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Ал, биыл – 24, 2023 жылға – 16 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл сапалы білім беру үшін жайлы, әрі ыңғайлы орта қалыптастыруға жасалған нақты қадам.

Бүгінде балаларды балабақшамен қамту 90 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, кәсіптік білім беру ұйымдарында сұранысқа ие мамандықтарды оқыту үшін республикалық білім гранттарынан өзге, жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы қаралған. Сондай-ақ, кәсіптік білімнің сапасын арттыру үшін заманауи құрылғылар алынып, колледждердің техникалық базасы нығайтылып отыр.

Ел болашағының сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін жасалған қадам, құйылған қаржы қайтарымсыз қалмасы анық. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, мүмкіндігі мол білім ұйымдарында оқыған жастарымыз тек биіктерден көрінеді деп сенеміз.

Талғат БАЛТАБАЕВ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты