ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН 1182 АДАМ ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН АЛДЫ

150
0
Шымкент қаласында жыл басынан 834 отбасы, 1182 адам қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қоныс аударған қандастар ТМД және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Ауғанстан, Түркия және Ресей келгендердің үлесінде. Алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарға қолдау көрсету мақсатында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы жұмыс істейді. Мұнда атамекенге оралғандар 6 ай мерзімінде мемлекеттік тілді үйренуі, ортаға бейімделуі, жұмыспен қамтылуы, баспана мәселесі бойынша, әлеуметтік жағынан қолдау негізінде қызмет түрлерін тегін алады. Қандастарға 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық (аспазшы, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік дәрістер қалаулары бойынша оқытылады.
Бүгінгі таңда бейімдеу қызметін 15 отбасынан 49 адам алуда. Ал, қандас мәртебесін алған 1182 адамның ішінде — 574 ер адам және 608 әйел адам, 18 жасқа дейінгі тұлғалар — 323 адам, еңбекке қабілетті жастағы адамдар — 565 адам, зейнеткерлік жастағы адамдар – 294.
Қазіргі таңда қандастар үшін Қазақстан азаматтығын рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі «Бір өтініш» қағидаты бойынша жүргізеледі. Яғни қандас мәртебесін беру немесе ұзарту – 4 жұмыс күні ішінде атқарылуда. Бүгінде қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс, сауда –және жалдамалы жұмыстармен айналысады.
Айта кетейік, Шымкентте 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» (бұдан әрі – Орталық) жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету болып табылады. Орталыққа 2008 жылдан қазіргі таңға дейін 789 отбасы, 2216 қандас келіп бейімдеу қызметтерін пайдаланып, 1060 қандас кіші кәсіптік мамандық алып шыққан.