БІЗ ТҮРЛІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ АЛДЫН АЛУДЫ ЕСКЕРТЕМІЗ
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы азаматтардың оқыс оқиғалардың құрбаны болмас үшін жыл он екі ай профилактикалық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Арнайы мамандармен бірге Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы атынан тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жүретін қызметкерлердің қатарында Мейрамхан Базарбек бар. Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мейрамхан Базарбек uakit.kz-тің бірнеше сұрақтарына жауап берген еді. Оқып көрелік.
– Мейрамхан Бақытұлы сөзіміздің әлқиссасында сіздердің жыл он екі бойы тұрғындарға жүз бір қатерден қорғанудың жолдарын түсіндіру жұмыстарын жүргізетіндеріңізді айтып өттік. Қалың оқырманға түсінікті болу үшін бәрін рет-ретімен айтсақ. Жыл басында қандай қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарына екпін түсіресіздер?
– Біз барлық қауіп қатерлерді алдын алу туралы халықты хабардар етеміз. Жыл он екі ай бойы өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстарды тоқтатпаймыз. Жыл басында әсіресе тұрғын үйлерде пешті қауіпсіз пайдалану, газ жабдығын дұрыс қолдану бойынша үйлерді аралаймыз. Тұрғындарға пешті қауіпсіз пайдаланудың ережелері, газ жабдығын мақсатты қолданудың қағидаларын түсіндіреміз. Анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер айтамыз. Мұржаны ыстан тазалау жұмыстарының орындалуына көп екпін түсіреміз. Себебі жеке тұрғын үйлерде орын алатын өрт оқиғаларының көбі дәл осы мұржаның бітелуінен пайда болады. Сонымен қатар газ плиталарын жылыну үшін жағып қоймау бойынша ескертулер жасаймыз. Жалпы өрт жағдайын тудыратын барлық қауіп-қатерлер туралы ақпараттандырып, оны алдын алу үшін анықталған кемшіліктерді жоюды сұранамыз.
– Биыл Түркістан қаласында жылыту маусымы 150-күннен аса уақытқа жалғасады. Яғни, арқаны кеңге салу әлі ерте. Алда талай аязды күндер күтіп тұр. Жылыту маусымы кезінде төтенше жағдайдың құрбаны болмас үшін тұрғындар қандай ережелерге мән беруі тиіс?
– Жылыту маусымы кезінде табиғи газға қосылған әрбір үйде газосигнализатор орнатылуы тиіс. Бұл қондырғы ауаға улы газ таралғанын сол мезетте анықтап, арнайы дыбыс береді. Осылайша тұрғындарды үлкен қауіптен қорғайды. Сонымен қатар екі қабаттан жоғары үйлерде газ баллондарды қолдануға жол берілмеуі керек. Үйлерді газ плитамен жылытпау керек. Сонымен қатар электр құралдарын дұрыс пайдаланып, бір розеткаға бірнеше құрылғыны бір мезетте қосуға болмайтынын ескеру керек.
Ал пешпен жылытылатын үйлерде мұржаның міндетті түрде ыстан тазалануы қадағалану қажет. Пешті шамадан тыс қыздыруға жол бермей, оның айналасына киім, аяқ-киімдерді кептіруге болмайтынын назардан шығармаған абзал. Сонымен қатар пештің алдында едендерге шоқ түскен кезде өрт болмас үшін қаңылтыр қағылуы тиіс. Өрт қауіпсіздігіне қатысты ережелерді айта берсең тізім түгесіледі. Бірақ жылыту маусымы кезінде ескерілуі тиіс бастыталаптар осылар.
– Қыс кетіп, жер қарайып, жылыту маусымы аяқталған кезде, жасыл түске, алқызыл гүлге боялған табиғат аясына шығатын көктем келеді. Сол кезде Сіздер адамдардың қандай қауіпсіздік ережелеріне мән беруін ескертесіздер?
– Бұл кезде табиғат аясына тынығуға шыққан адамдардың темекі тұқылдарын өшіріп кетуін көп ескертеміз. Себебі көп азаматтар темекі тұқылдарын сөндірмей лақтырып кетулерінен дала өрттері, жану жағдайлары орын алады. Жану оқиғасынан жер қыртысының құнары кемиді. Дала өртінде өртті ауыздықтау қиынға соғады. Салдарынан айналаны көк түтін тұмшалап, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Кейбір жағдайларда тұншығу салдарынан қайтыс болу оқиғалары орын алады.
Сонымен қатар көктемнің соңғы айы мамырда тұрғын үйлерге жыланның кіріп кету оқиғалары тіркеледі. Әрине құтқарушылар жыландарды үйден алып шығып, қауіпсіз жерге жібереді. Сол уақытта басқарма инспекторлары тұрғындарға жыланға тиісіп, тас лақтыруға болмайтынын ескертеді. Егер абайсызда жылан шаққан жағдайда не істеу қажеттігін түсіндіреміз. Осы ретте мынаны айта кеткім келеді. Жылан адамға ешуақытта бірінші болып тиіспейді. Ол адамдарды тек қорғану үшін шағады. Осыны есте сақтайық.
– Шомылу маусымы. Жұрттың көбі осы уақытты жыл бойы күтеді. Адамдар шомылуға сергу үшін барады. Сол уақытта Сіздерде жұмыс қарбалас болады…
– Дұрыс айтасыз. Шомылу маусымын көп адам күтеді. Бірақ дәл осы шомылу маусымы кезінде адамдардың суға кету оқиғалары жиі тіркеледі. Біз мұндай қайғылы жағдайларды алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. түрлі прфилактикалық шаралар жасаймыз. Осы тақырыпта брифингтер ұйымдастырылады. Қайғылы оқиғалар орын алмас үшін судағы қауіпсіздікке қатысты үгіт-насихат жұмыстарын күшейтеміз. Ең басты қауіпсіздік талаптары суға шомылатын орынның ағынсыз, ойық-шұңқырсыз болуын ескертеміз.
– Жаз маусымы тек шомылумен шектелмейді. Көп балалар оқу жылы аяқталып, демалысты үйде өткізеді. Үйде отырып-ақ, балалар түрлі оқыс жағдайлардың құрбаны болып жатады…
– Жаз айларында ата-аналардың балаларын қараусыз қалдырмауын жиі ескертеміз. Ата-аналардың қарауынсыз қалған бала сіріңкемен ойнап өрт тудыруы мүмкін екенін көп айтамыз. Сонымен қатар терезенің ар жағындағы көрініске қызығып, терезеден құлау оқиғаларының болуын алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі таңда да қолға алынып жатыр.
– Бұдан бөлек тағы қандай қауіпсіздік ережелерін ескертесіздер?
– Көлік жүргізушілеріне автогазды дұрыс қолдану бойынша ескертулер, авто жанар жағармай құю бекеттерінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына екпін түсіреміз. Сонымен қатар қыста балалардың көктайғақта абай жүруін, жүргізушілерді алыс жолдарға шықпас алдын сақтық шараларына мән беріп, ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылған жолдар туралы ақпараттарды біліп жүруін пысықтаймыз. Сонымен қатар мұзда жүрудің қаупі туралы үгіт насихат жұмыстарының басы-қасында жүреміз. Балық аулау маусымы басталғаннан бастап қармағын майлағысы келетіндердің назарына қауіпсіздік ережелерін хабарлап, жеткіземіз.
– Қауіпсіздік ережесін сақтау туралы тұрғындарға не айтасыз?
– Барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауын сұранамын. Қауіптің үлкен-кішісі болмайды. Барлығы да адамдарға, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Оның зардабымен күрескеннен гөрі, алдын алған әлдеқайда оңай. Өрт қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігің деп айтады. Мен айтар едім, өрт қауіпсіздігі тек өзіңнің емес, өзгелердің де қауіпсіздігі. Сонымен қатар алда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Адамдар пиротехникалық өнімдер алып, отшашулар ұйымдастырады. Осы ретте отшашулардан да оқыс жағдайлар орын алып жататынын назарда ұстау керек. Тек серификаты бар, пайдалану нұсқаулығы көрсетілген пиротехникалық өнімдерді алу қажет. Оны қолдану бойынша қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Атап айтқанда, отшашуды дауылды, желді ауа райында қолданбау, балаларға оларды тұтатуға жол бермеу, мас күйде жақпау сынды ережелерді ұмытпау керек.