АУЫЛДАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Жетісай ауданы соңғы жылдары Түркістан облысындағы жекеменшік капитал мен мемлекеттік қолдаудың тиімді түйіскен нүктесіне айналып келеді. Мұнда жеке кәсіпкерлердің есебінен жүзеге асып жатқан жобалар денсаулық сақтау, спорт, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларында нақты нәтиже беруде. Бұл үрдіс ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасына да айтарлықтай ықпал етуде.

Асықата кентінде бой көтерген «Samruk Medical clinic» – ауылда алғаш рет жеке инвестиция есебінен ашылған ірі медициналық орталықтардың бірі. Ғимараттың құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда толық қолданысқа дайын орталықта 130 жоғары санатты дәрігер тұрақты жұмыспен қамтылған. Күрделі оталар жасауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық құрал-жабдықтар орнатылған. Ересектер мен балаларға арналған екпе бөлмелері, зертханалар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт қарастырылған. 10 орындық күндізгі, 40 орындық тәуліктік стационар, терапия және травматология бөлімдері жұмыс істейді. Сондай-ақ, жергілікті және облыстық деңгейдегі ауруханаларға жедел жәрдеммен тасымалдауға арналған заманауи көліктер де қарастырылған. Бұл орталық – жекеменшік қаржыландыру арқылы әлеуметтік қызмет сапасын арттырудың нақты үлгісі. Ауыл тұрғындарына сапалы, қолжетімді медициналық көмек ұсыну – тек денсаулық саласын ғана емес, халықтың өмір сүру деңгейін де айқындайтын фактор.

Асықатада қолға алынған тағы бір маңызды жоба – теннис және спорт кешені. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып жатқан нысан 1 гектар аумақта орналасқан және құны 1 миллиард теңгені құрайды. Орталықта бір мезетте 200 адамға дейін жаттығуға мүмкіндік бар. 2 залдың бірінде 9 теннис үстелі, екіншісінде 3 күрес кілемі, бокс рингі мен жаттығу құралдары бар. Жетісай ауданында алғаш рет бой көтеріп отырған бұл спорт кешені жергілікті жастар үшін кәсіби спортпен айналысуға мүмкіндік беріп, алдағы уақытта республикалық, халықаралық жарыстар өткізуге жағдай жасайды. Бұл ауыл спортына тың серпін беретіні сөзсіз. Абай ауылдық округіндегі «Смайл» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуда озық тәжірибе көрсетіп отыр. Жалпы 230 гектар алқапқа қытайлық мақта шиті, 10 гектарға көкөніс, 20 гектарға бақша дақылдары егілген. Биыл шаруашылық 177 гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізді. «BNK GROUP» компаниясымен бірлесіп енгізілген бұл технология өнімділікті 2-2,5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. “Гектарына кететін шығынның 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады, бұл – шаруаның мойнын жеңілдетіп, инновацияны енгізуге жол ашады,” – дейді қожалық басшысы Смайл Әуезов. Бұл тәсіл су тапшылығы жиілеген оңтүстік өңірлер үшін маңызды әрі тиімді шешім, әрі мемлекеттік субсидия мен жеке белсенділіктің табысты үйлесімі.

Абай ауылдық округіндегі шаруа Қайрат Жақыпов 30 гектар алқапта 15 гектарға «Бакинка» сорты қауын, 15 гектарға мақта егіп, 20 жылдан бері диқандар қатарында жүр. Биыл ерте көктемде отырғызған қауын көшеттері жоспардағы 65 күнде емес, 70 күнде пісті – бұл ауа райының аздап кешігуімен байланысты болғанымен, өнім сапасына кері әсер етпеген. Жергілікті шаруалар экспортқа бағытталған қауын-қарбыз өнімдерін Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстанның ірі қалаларына жөнелтуде.

Жетісай ауданында 105 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Ауданда 83 су ұңғымасы, 85 мұнара, 24 су сақтағыш, 1197 шақырым су құбыры жұмыс істейді. Олардың 81,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, қалғаны кезең-кезеңімен жаңартылуда. Бұл – ауылдағы тіршіліктің сапасын түбегейлі жақсартатын маңызды инфрақұрылымдық жетістік. Жетісай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар — жеке капиталдың әлеуметтік жауапкершілікпен ұштасуының жарқын көрінісі. Денсаулық сақтау мен спорт кешендерінен бастап, ауыл шаруашылығындағы инновациялар мен инфрақұрылымға дейінгі ауқымды жобалар ауылдың даму қарқынын жаңа сатыға көтеруде. Инвестиция – бұл сенім. Ал ауылға салынған инвестиция – тек экономикаға емес, болашаққа жасалған инвестиция.