АҚТАС ЕЛДІМЕКЕНІН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУДА
Бүгін шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Ақтас және Ақтас 2 шағын аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Ақтас шағын аудандарында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылуда. Аталған елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамту жұмыстары былтыр басталған болатын. Ақтас шағы ауданы бойынша 16,6, шақырым, Ақтас 2 шағын ауданы бойынша 16,5 шақырым газ құбырлары тартылып, табиғи газбен қамту жұмыстары аяқталуда. Бүгінгі таңда тұрғындардың үй ішіне газ кіргізу дайындығы тексерілуде,-деді басқарма басшысы Б.Булатбеков.
Қазіргі уақытта газ құбырларына сынама жұмыстары жүруде. Газ құбырлары тексеру жұмыстарынан өткеннен кейін газ беру жұмысы басталатын болады. Осыған орай, Ақтастықтар «ҚазТрансГаз» ШӨФ-ке қажетті құжаттар тапсырып, техникалық шарт алулары тиіс. Құжаттары дайын үйлерге абоненттеу жұмыстары рет-ретімен жүргізілетін болады. Қала әкімі тексеру барысында арнайы сала мамандары мен тиісті мердігер мекемелерге жұмыс сапасы мен газ беру жұмыстарын тездетуді тапсырды.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Шымкенттегі 81 елді мекеннің 42-сі табиғи газбен толық, 31-і жартылай, 8 елді мекен қамтылмаған. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында 2022 жылы барлығы 15 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізілуде. 2022 жылдың қорытындысымен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталатын болады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады. Жыл қорытындысымен, Шымкент қаласы тұрғындарының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 93%-дан — 94,7%-ға жететін болады.