ОҚЫС ОҚИҒАЛАРДАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР БОЛМАДЫ

Түркістан қаласының құтқарушылары қала тұрғындарын төтенше жағдайдан, күтпеген оқыс оқиғалардан қорғау үшін барын салады.

Ағымдағы жылдың 22 шілдесінде Абубәкірқары көшесі бойында орналасқан жеке тұрғын үйлердің бірінде жылан бар екені туралы хабарланады. Қаладағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі депосының кезекші диспетчері бұл хабарламаны алған бойда өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел аттанады. Түрі суық жыланды көріп, қорыққаннан жүректері зәр түбіне жеткен тұрғындарды көріп, төтеншеліктер авариялық құтқару жұмыстарына тез кіріседі. Яғни оқиға орнына жеткен бойда тұрғын үйдің асхана бөлмесіне бауырымен жорғалаған жыланды алып шығады.

Дәл осы сипаттағы хабарландыру 31 шілдеде күндізгі сағат 13:49 минутта №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші пультіне келіп түседі. Қоңырау шалған азамат қаладағы Құнанбай қажы көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің жаздық асханасында жылан жатқанын жанұшыра жеткізеді.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жыланды іздеуге кіріседі. Өкінішке орай тұрғын үйдің жаздық асханасының ішінен жылан табылмайды.

Екі оқиғадан да зардап шеккендер болмады.