ШАҺАР БАСШЫСЫ АБАЙ АУДАНЫ АУМАҒЫНА ҚАРАСТЫ ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарға қарасты “Арғымақ”, “Ақтас -1”, ”Ақжар” еді мекендеріне барып, жол сапасын тексерді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Ақжар тұрғын алабында жолдардың жалпы ұзындығы 26,2 шақырымды құрайды. Оның 5,7 шақырымына шағал тас, 19,6 шақырымына асфальт жабыны төселген, қалған 0,9 шақырымы топырақ жол. Ал Ақтас-1 елді мекеніндегі жолдардың ұзындығы 11,3 шақырымды құраса, оның 1,1 шақырымына асфальт жабындысы, 10,2 шақырымына шағал тас төселген. 0,2 шақырымы топырақ жол.
“Арғымақ” елді мекеніне қарасты жолдардың ұзындығы 6,2 шақырымды құраса, оның 5,8 шақырымына шағал тас төселген, 0,4 шақырымы топырақ жол.
Бұл туралы қала әкімінің аралауы барысында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Саттиллаұлы баяндады.
Атап айтқанда, Жеңімпаз, Байеділ, Белдеутас, Белқұдық, Саумалкөл,Айыртау, Сұлутөбе, Тоқбергенов, Қазақстан 60 жыл, Сейфуллин, Қорғалжын, Шаңдыкөл, Жетіқара, Өркен және №3, №4 көшелерде жол құрылысы жүргізілді. Бүгінгі таңда жол құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып ел игілігіне пайдалануға берілді.
Айта кету керек, жуырда Абай ауданы аумағындағы Алтынтөбе тұрғын алабының жалпы ұзындығы 1,4 шақырым жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алабтағы Өтебай көшесінің ұзындығы 0,4 шқ, жолдың асфальтбетон жабындысын ауыстыру сонымен қатар, аяқжол салу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш көшеде асфальт жабындысы 2 қабаттан салынды. Сонымен қатар, Нұрлыбай және О.Жамалов көшелерінің жалпы ұзындығы 1 шақырымнан асатын жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған көшелердің ені — 5 метрді құрайды.
Айта кетейік, 2021-2025 жылдарға бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, орташа жөндеу бойынша ағымдағы жылы шалғай елді мекендер мен ішкі орам көшелеріне басымдылық беріліп, жалпы 300-ден астам көше жөндеуден өтті.