ШЫМКЕНТ ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛАДЫ

103
0

Миллионды шаһарда импорталмастыру бойынша құны 527,2 млрд. теңгеге 7 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 53 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 493 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, 319 млрд. теңгеге импортты алмастыратын болады. Ал экспортқа 153,2 млрд. теңгеге өнім шығарылады деп болжануда. Осы топтағы кәсіпорындар санатында Петухов жеке кәсіпкерлік цехы да бар.
Тассай индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын қазір үй жабдықтарын өндіретін бірден-бір цех. Үй ішілік есіктер қазір тұтынушы сұранысына ие. Сапалы өнімді жасап шығарушылар негізінен жергілікті тұрғындар. Ағаш есіктер қарағаштан жасалады.
1,5 гектар жерді алып жатқан цехта 70-тен астам жан екі қолға бір күрек тапқан. Бұл кәсіпорында сондай-ақ, жуынатын бөлмеге қойылатын ванналар да шығып жатыр. Шеберлер өнімді мрамордан және полимерден жасап шығарады. Арнайы қалыптарға құйып күн сайын екі ванна өндіреді.
Сапа басты назарда. Алдағы уақытта Шымкенттен шығатын жергілікті тауарларды көбейту мақсатында 438 гектар аумаққа тағы 2 индустриалды аймақ ашу жоспарлануда. Оның алғашқысы Жұлдыз, екіншісі – Бозарық идустриалды аймақтары. Игі жоба — өңірді импортқа тәуелділіктен арылтады.
Шымкент қаласында 101 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39%-ға артты. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2022 жылға 15,7 млрд. теңге қаржы бөлінген, оның ішінде республикалық бюджеттен — 12,2 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен — 3,5 млрд. теңге. Жалпы жыл басынан 11,1 млрд. теңгеге 3 028 жобаға қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында республикада алғаш рет әкімдік тарапынан «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда.