ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАР САНЫ АРТАДЫ
Үшінші мегаполиске қарасты Қаратау ауданында қос бірдей индустриалды аймақтың құрылысы қызу жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Рахымберді Мулкеманов шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп тапсырған болатын. Осыған орай, Қаратау ауданында екі бірдей индустриалды аймақтарын яғни “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы және “Агроиндустрия» аймағының ашылу жұмыстары қызу басталды. “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы 23 млрд.теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыруды көздей отырып, 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды да қолға алмақ. Ал, “Агроиндустрия» аймағы 11 млрд.теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырса, 369 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлауда. Жалпы қорыта келгенде аталған аймақтарда 35 жоба жүзеге асырылып, 2000-ға жуық жұмыс орны ашылатын болады. Бұл көрсеткіштер өңіріміздің экономикалық дамуына серпін беретіні сөзссіз. Қаратау ауданында “Тассай” индустриалды аймағы қарқынды жұмыс атқаруда. Бүгінде индустриалды аймақ жұмыс істеуінің барлық кезеңдерін қамтығанда 4,6 млрд.теңге салық төлеп, мемлекет қазынасын толтырды. «Қазіргі кезде “Тассай” индустриалды аймағының аумағы 100% қамтылған. Осы кезге дейін 20 жобаны іске қосып, нәтижесінде 1500 адамды жұмысқа орналастырдық. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды іске қоссақ, 885 жұмыс орны ашылады»-деді Рахымберді Мулкеманов. Бұдан бөлек аудан әкімінің айтуынша, “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағынан 21 тамақ өнеркәсібі, ал “агроиндустриалдық” аймақтан 14 өндірістік жылыжай кешенін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Айтып өтейік, өңір басшысы Мұрат Әйтенов жыл басынан бері бірқатар аудан, елдімекен, тұрғын алап тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізуде. Өткен кездесулердегі мәселелер әкім өз назарына алып, тиісті шараларды қабылдап, бірнеше мәселелер шешімін табуда. Алдағы уақытта аталған мақсатты көздейтін кездесулер әрі қарай өз жалғасын табады.