МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕ ЖАТЫР

93
0

Үшінші мегаполисте медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Қалалық әкімдік тарапынан медициналық орталықтардың ғимаратын жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта шаһар аумағында бірнеше медициналық мекеме жұмысын бастамақ. Бұдан бөлек, медициналық нысандарға заманауи материалдық-техникалық база орнатылуда. Осының өзі саладағы қызмет көрсету сапасының артуына сеп болуда.

Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі отаны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды. Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түседі. Жедел тексеруден өтіп, одан сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталады. Дәрігерлер оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт — қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады. Науқас ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3-сағаттан астам уақыт болған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдап, операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады. Қауіпсіз отаны аурухананың бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жоғарғы санатты дәрігер А.Рахматалиев пен аурухананың рентгенхирургі Н.Қарабаев жасаған. Ота 2-сағатқа созылды. “Ангиографиялық аппарат арқылы тромбоэктомия жасадық. Қазіргі таңда науқас өзін өте жақсы сезінеді. Өзі тұрып-жүріп, сұрақтарға толық жауап бере алады. №2 қалалық аурухананың инсульт орталығы 3-деңгейде жұмыс жасайды. Егер науқастар инсульт ерте басталғаннан 4,5-6 сағат аралығында ауруханаға келіп түсетін болса, жоғарғы сапалы мамандандырылған технологиялық медициналық көмек беріп үлгереміз. Мұндайда көптеген науқасты аман алып қалуға мүмкіндігіміз жоғары болады”-дейді орталық меңгерушісі Р.Исабекұлы. Науқас отадан соң бір сағат ішінде толық есін жинап, оң жақ аяқ-қол қызметі толығымен қалыптасқан. Сөйлеу, есту қаблеті де қайта қалпына келген. 1-күн қарқынды терапия блогында бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды. Қазір жағдайы жақсы.