ЖАТАҚХАНАНЫ ЖАЛЫНҒА АЙНАЛДЫРМАУДЫҢ ТӘРТІБІ
Тұрғын үй пәтерлерi мен жатақханалардың үй-жайларында жарылыс, өрт қауiптi заттар мен материалдар қолданылатын және сақталатын әртүрлi шеберханалар мен қойма үй-жайларын орнатуға жол берiлмейдi.
Пәтерлер мен тұрғын бөлмелерiнде:
— балкондар мен лоджияларда тез тұтанатын, жанғыш сұйықтықтарды, жарылғыш заттарды, газ баллондарын сақтауға;
— төсекте темекі шегуге;
— балкондардан, лоджиялардан және терезелерден темекi тұқылын лақтыруға;
— тұтанған темекіні қалдыруға жол берілмейді.
Жатақханаларда (тұрғын үй-жайлардан басқа) темекi шегуге арналған орындар «Темекi шегуге арналған орын» деген жазумен, жанбайтын материалдардан жасалған урналармен немесе темекi тұқылын салғыштармен жабдықталады.
Шам қойғыштар, ашық отты пайдаланатын шырағдандар жанбайтын берiк тұғырларға орнатылады және олардың құлауын болдырмайтындай жағдайларда пайдаланылады.
Ашық жану көзі бар заттар мен құрылғыларды пайдалану кезінде мыналарға жол берілмейді:
— ашық жану көзі бар заттар мен құрылғыларды желдің өтіне, тез тұтанатын материалдардың жанына қоюға;
— ашық жану көзі бар заттар мен құрылғыларды қараусыз қалдыруға, сондай-ақ балалар мен үй жануарларына қолжетімді жерлерде қалдыруға болмайды.
Жеке тұрғын үйлерде және көп пәтерлі тұрғын ғимараттарда осы Қағидалардың талаптарына сәйкес құрғақ ыстық монша (сауна) үй-жайларын орнатуға жол берiледi.
Биіктігі 28 метрден астам ғимараттарда:
— автосатыларды немесе иінді көтергіштерді орнатуға және олардың бұрылысына арналған алаңдарды үймелеуге;
— түтiнге қарсы қорғау жүйесiн қабылдағаннан кейiн жүйені басқаратын электр қалқанын токтан ажыратуға;
— өртке қарсы қорғау жүйелерін ретке келтіргенге дейін жаңадан салынған ғимаратты пайдалануға беруге;
— тұйық қалқаларда және түтiнденбейтiн саты торларын үй-жайлардан, өту жолдарынан, жертөле үй-жайларынан есік ойықтарын, сондай-ақ көтергіш қабырғаларда ойықтар орнатуға;
— автоматты өрт хабарлағыштары мен суландырғыштарды бояуға, әктеуге, жабуға, оқшаулауға;
— балкондар мен лоджиялардың қоршауларын жанғыш материалдармен әрлеуге жол берілмейді.
Қоғамдық мақсаттағы үй-жайлардың кіру және эвакуациялық шығу жолдары ғимараттың тұрғын бөлігінен оқшауланады.
Саяжай кооперативтерiн, бау-бақша серiктестiктерiн, ауылдық елдi мекендердiң аумақтарын ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртiбi
Автокөлiктiң бау-бақша серiктестiктерiне баратын жолдарында негiзгi магистральдан өту кезiнде, одан соң әрбiр бұрылыста немесе жол айрығында саяжай кооперативiнiң, бау-бақша серiктестiгiнiң атауы мен оларға дейiнгi қашықтықты нұсқағыштар орнатылады.
Саяжай кооперативтерiнiң, бау-бақша серiктестiктерiнiң, гараж кооперативтерiнiң аумағына өту жолдарында стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес оларға қолданыстағы және салынып жатқан және уақытша ғимараттар (құрылыстар), өту жолдары, кiреберiстер, өрт сөндiрушiлердiң өту жолдары, өртке қарсы сумен жабдықтау көздерiнiң, өрт сөндiру құралдарының, өрт техникасының орналасқан орны көрсетiлген схемалар iлiнедi.
Схемалар атмосфералық әсерге төзiмдi материалдан жасалады.
Ауылдық елдi мекендердiң, саяжай кооперативтерiнiң, бау-бақша серiктестерiнiң аумағында:
— өрт шыққан жағдайда адамдарға құлақтандыру үшiн дыбыстық сигналдарға арнайы құрылғылар орнатылуы қажет және өрт сөндiру мақсатында су қоры құрылуы тиіс;
— жазғы маусымда әрбiр тұрғын үй ғимаратының жанында жиынтық су қоры кемiнде 200 литр сыйымдылық орнатылуы немесе өрт сөндiргiш болуы тиіс;
— жанғыш қалдықтардың үйiндiлерiн ұйымдастыруға жол берiлмейдi. Пайдаға асырылмайтын қалдықтар мен қоқыстарды тұрғын үй ғимараттары мен жатақханалардың, саяжай кооперативтерiнiң, бау-бақша серiктестiктерiнiң, гараждардың және ашық алаңдардың аумақтарында (қоқыс өткiзгiшпен жабдықталмаған) арнайы жабдықталған орындарында жабылатын қақпақтары бар металл сыйымдылықтар орнатылады. Сыйымдылықтар бетондалған немесе асфальтталған алаңдарда ғимараттар мен құрылыстардан кемiнде 25 м қашықтықта орнатылады.
Аумағында өртке қарсы қызмет бөлімшелері орналастырылмаған ауылдық жердегі елді мекендерде, бау-бақша серіктестіктерінде, саяжай кооперативтерінде (серіктестіктерде, тұтыну кооперативтерінде, коммерциялық емес серіктестіктерде) жергілікті атқарушы органдар немесе азаматтардың көрсетілген коммерциялық емес бірлестіктерінің басқармалары ерікті өрт сөндіру құралымдарының қоғамдық бірлестіктерін ұйымдастырады, сондай-ақ осы үшін арнайы бөлінген орында немесе жеке тұрғын үйлерде (аулалық құрылыстарда) өрт жеңқұбырлары мен оқпандары жиынтығы бар өрт сөндіру мотопомпаларын, бастапқы өрт сөндіру құралдарын, өрт сөндіру кезінде пайдаланылатын механикаландырылмаған құрал-саймандар мен өрт сөндіру мүкәммалдарын сатып алу, сақтау стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Ерікті өрт сөндіру құралымдары мүшелерінің қоғамдық бірлестіктері қатарынан өрт орнына қажетті жеңқұбырлар мен оқпандар жиынтығы бар өрт сөндіру мотопомпаларын жеткізуді қамтамасыз ететін адамдар тағайындалады.
Аталған елді мекендер өрт сөндіру мотопомпалары бар тіркемелі мобильді өрт сөндіру кешендерімен қамтамасыз етіледі.
Ауылдық елді мекендердің, бау-бақша серіктестіктерінің, саяжай кооперативтерінің, блок-контейнерлік ғимараттардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар және азаматтар бірлестіктерінің басқармалары өрт туралы адамдарды құлақтандыру үшін дыбыстық сигнализация құралдарын орнатады, өрт сөндіру мақсаттары үшін су қорын сақтайды, сондай-ақ өртке қарсы қызмет бөлімшелерін шақыру қажеттілігі белгілейді.
Жазғы кезеңде ауылдық елді мекендерде, бау-бақша серіктестіктерінде, саяжай кооперативтерінде және кәсіпорындарда жергілікті атқарушы органдар, бау-бақша серіктестіктерінің, саяжай кооперативтерінің басқармалары, ұйым басшылары тиісінше айрықша өртке қарсы режимді белгілейді және өрттің шығу қауіптілігін төмендету бойынша қосымша шараларды қабылдайды, өрт қаупі бар жұмыстарды жүргізу, алау жағу, автомотокөліктің орман алқаптарына кіруі бойынша шектеулер енгізеді, халықтың және ерікті өрт сөндіру құралымдарының қоғамдық бірлестігі мүшелерінің күштерімен бастапқы өрт сөндіру құралдарымен елді мекендердің аумақтарын және олармен іргелес орман (дала) алқаптарын патрульдеуді, сондай-ақ өрт сөндіру мақсаттары үшін бейімделген техниканы ықтимал пайдалануға дайындықты ұйымдастырады.
Өртке қарсы үзіктер шектерінде жанғыш материалдарды жинап қоюға, көлік тұрағына, ғимараттар мен құрылыстарды, оның ішінде уақытша құрылыстарды салуға (орнатуға) жол берілмейді.
Ғимараттарға, құрылыстарға, ашық қоймаларға, сыртқы өрт сөндіру сатыларына және өртке қарсы сумен жабдықтау көздеріне апаратын жолдар, өтетін жерлер мен кіреберістер жарамды күйде және өрт сөндіру техникасының өтуі үшін қолжетімді етіп ұсталады, ал қыста қардан тазартылады.
Тұрғын үйлер аумағына өту жолында шлагбаумдарды орнату кезінде персоналдың тәулік бойы кезекшілігімен тұрақты бекет ұйымдастырылады және шлагбаумдар оларды қолмен ашуға арналған құрылғымен қамтамасыз етіледі.
Жолдар мен өтетін жерлерді пайдалануға жауапты ұйым жөндеуге байланысты немесе өрт техникасының өтуіне кедергі келтіретін басқа себептер бойынша олардың жабылатындығы туралы шығу ауданында осы жолдар мен өтетін жерлер бар мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына уақтылы хабарлайды.
Жолдар жабылған кезеңде тиісті орындарда айналып өту бағытын нұсқағыштар орнатылады немесе жолдардың немесе өтетін жерлердің жөнделетін учаскелері арқылы өткелдер салынады.
Ғимараттар мен құрылыстарға өтетін жолдарда және кіреберістерде өрт техникасының өтуіне кедергі келтіретін автокөлік тұрағына және оны қоюға, сондай-ақ өрт гидранттары құдықтарының қақпақтарында автокөлік тұрағына және оны қоюға жол берілмейді.
Елді мекендер мен ұйымдардың аумағы түнгі уақытта өрт гидранттарын, сыртқы өрт сатыларын және өрт мүкәммалдарын орналастыру орындарын, сондай-ақ өрт сөндіру су айдындарының пирстеріне кіреберістерді тез табу үшін сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз етіледі.
Өрт қауіпсіздігі белгілерін түрлі-түсті түспен бейнелеу және оларды орналастыру (орнату) орындары стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес көзделеді.
Ұйымдардың аумағында теміржол өткелдері тәуліктің кез келген уақытында өрт сөндіру автомобильдерінің теміржол төсемін кедергісіз кесіп өтуін қамтамасыз етеді.
Елді мекендердің (өнеркәсіптік кәсіпорындардың шектерінен тыс), бау-бақша серіктестіктерінің және саяжай кооперативтерінің аумағында тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтары бар ыдысты, сондай-ақ сығымдалған және сұйытылған газдары бар баллондарды ашық жинауға (сақтауға) жол берілмейді.
Ғимараттар мен құрылыстардың арасындағы өртке қарсы қашықтықтарда қандай да бір конструкциялардың, құрылымдардың заттарын орналастыруға (жинауға), сондай-ақ көлік тұрағы үшін және ғимараттар мен құрылыстарды салу (орнату) үшін пайдалануға жол берілмейді.
Саяжай кооперативiнiң, бау-бақша серiктестiгiнiң аумағында әр 20 учаскеге бiр қалқан есебiмен өрт қалқандары орнатылады.
Су тегеурiнi мұнараларында, сондай-ақ жазғы уақытта пайдаланылатын су өткiзу жүйелерiнде (диаметрi 100 миллиметр және одан астам) әрбiр 120 метр сайын өрт шыққан жағдайда өрт техникасымен су алуға арналған құралдар көзделеді. Бұл құралдар жарамды күйде ұсталады.
Саяжайларды, бағбандық үйлердi ұзақ уақытқа жапқан кезде электр желiсi ток көзiнен ажыратылады, газы бар баллондардың бұрамалары (клапандары) тығыз етіп жабылады.
Ормандар мен дала алқаптарында орналасқан елді мекендер үшін жергілікті атқарушы органдар мен орман иеленушілер ені кемінде 4 метр өртке қарсы қорғаныш жолақтарын орнатуды, жапырақты екпелер отырғызуды, жазғы кезеңде құрғақ өсімдіктерді алып тастауды қамтамасыз етеді.
Құрғақ, ыстық және желді ауа райы тұрақты болған жағдайда қалаларда, ауылдық елді мекендерде және кәсіпорындарда, саяжайлық ауылдарда, бау-бақша учаскелерінде от жағуға, көмір жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге, пештерді, ас-үй ошақтарын және қатты отынмен жұмыс істейтін қазандық қондырғыларын жағуға жол берілмейді.
Тұрғын үйлердiң қожалық учаскелерiнде ірі жемшөптердi жинау ғимараттарға және аула алдындағы құрылыстарға дейiн кемiнде 15 метр қашықтықта орындалады. Көрсетілген қашықтықта ірі жемшөптердi жинау мүмкiн болмаған кезде, жинау орнын кемiнде 500 литр суы бар қосымша сыйымдылықпен қамтамасыз еткен жағдайда қашықтық 5 метрге дейiн қысқартылады. Сондай-ақ, қоралар мен басқа да шаруашылық құрылыстардың шатырларына, электр жеткiзу желiлерiнiң астына, учаскенiң сыртқы қоршауынан кемiнде 3 метр қашықтықта шөп шошақтарын, шөмелелерді, iрi жем-шөп маяларын, өзге де жанғыш заттар мен материалдарды жинауға жол берілмейді.
Iрi жемшөптерді тасымалдау арнайы жабдықталған көлiк құралымен жүзеге асырылады, олардың пайдаланылған құбырлары радиатордың астына шығарылады және ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады.
Iрi жемшөптердi тасымалдауға арналған көлiк құралдары екi ұнтақты өрт сөндiргiшпен қосымша жабдықталады.
Iрi жемшөптердi жинау биiктiгi жер деңгейiнен 4 метрден аспайтындай етiп орындалады.