ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНДА ТЕХНОГЕНДІ АПАТТЫ АЛДЫН АЛУ
Өнеркәсіп кәсiпорындарын ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртiбi қандай?
Әрбiр кәсiпорында технологиялық процестерде қолданылатын заттар мен материалдардың өрт қауiптiлiгі көрсеткiштерi туралы мәлiмет болуы қажет, ал ғимараттар мен үй-жайлар үшiн «Өрт қауiпсiздiгiне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентiне сәйкес жарылыс және өрт қауiптiлiгi бойынша санаттар белгiленедi.
Өрт қаупi және жарылу қаупi бар материалдармен жұмыс iстеген кезде таңбалау және бумаларда немесе iлеспе құжаттарда көрсетiлген ескертпе жазуларының талаптары сақталады.
Бiр-бiрiмен өзара әрекеттескенде тұтану, жарылу немесе жанғыш және уытты газдар (қоспалар) пайда болатын заттар мен материалдарды бiрге пайдалануға, сақтауға және тасымалдауға (егер технологиялық регламентте көзделмесе) жол берiлмейдi.
Жабдықты жоспарлы-алдын ала жөндеу мен профилактикалық тексеру дайындаушы-зауыттың нұсқаулықтарында көзделген белгiленген мерзiмдерде, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі шараларын орындау кезінде жүргiзiледi.
Сору құрылғыларының (шкафтардың, сырлау, кептiру камераларының), аппараттар мен құбыр өткiзгiштерiнiң құрылымын тазалау бойынша жұмыстар кәсіпорын басшысы бекіткен графикке сәйкес, өрт қауiпсiз әдiстермен жүргiзiледi.
Технологиялық жабдықта, құбыр жолдарында және басқа да жерлерде статикалық электрден қорғау жүйелерiнiң ұшқын сөндіргіштер, ұшқын тұтқыштар, от тоқтататын, отқа бөгет жасайтын, шаң мен металл тұтқыш және жарылысқа қарсы құрылғылары жұмыс жағдайында ұсталады.
Жабдықты, бұйымдар мен бөлшектердi жууға және майдан тазартуға жанбайтын техникалық жуу құралдары, сондай-ақ өрт жағынан қауiпсiз қондырғылар мен әдiстер қолданылады.
Құбыр жолдарында қатып қалған мұнай өнiмiн, мұзды, кристалл гидратты және басқа да тығындарды жылыту қауiпсiз әдiстермен (ыстық сумен, бумен), ашық отты қолданбай жүргiзiледi.
Резервуарлардан (сыйымдылықтардан) тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтардың үлгiлерiн алу және деңгейдi өлшеу күндiзгi уақытта, соққан кезде ұшқын шығуды болдырмайтын құралдармен жүргiзiледi. Үлгiлерді алу және деңгейдi өлшеу бойынша операцияларды найзағай жарқылдап тұрған кезде, өнiмдi тартып ағызу және тартып шығару кезiнде орындауға болмайды.
Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды резервуарларға (сыйымдылықтарға) «құламалы ағыспен» беруге, сондай-ақ резервуарды толтыру және босату жылдамдығы тыныс алу клапандарының (желдеткiш келтеқұбырларының) резервуарларында орнатылған жалпы өткiзу қабiлеттiлiгiнен асуға жол берiлмейдi.
Шаң жинайтын камералар мен циклондардың есiктерi мен люктерi оларды пайдалану кезiнде жабық күйде ұсталады, камералар мен циклондардан жиналған жанғыш қалдықтар уақтылы жойылады.
Өндiрiстiк ғимараттарды, кәсiпорындардың аумақтарындағы қоймаларды тұру үшiн пайдалануға, сондай-ақ қоймаларда өндiрiстiк шеберханаларды орналастыруға жол берiлмейдi.
Жаяу жүру тоннельдерi мен өту жолдарында қойма орнатуға, жабдықты, жанғыш материалдарды сақтауға, жанғыш материалдардан жасалған стендтер мен плакаттарды iлуге, сондай-ақ қуат кабельдерін, газ, қышқыл, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды тасымалдайтын құбыр жолдарын төсеуге жол берiлмейдi.
Цехтардағы өту жолдары мен өткелдердiң шектерi белгілеулермен белгiленедi.
Қоймалар мен өндiрiстiк үй-жайлар арқылы транзиттi электр желiлері, сондай-ақ жанғыш газдарды, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар мен жанғыш шаңдарды тасымалдауға арналған құбырларды төсеуге жол берілмейдi.
Жарылу қаупі бар учаскелерде, цехтар мен үй-жайларда ұшқын шығармайтын құрал-саймандар қолданылады.
Жанғыш шаңдар, жоңқалар шығатын үй-жайлардың қабырғалары, төбесi, еденi, конструкциялары мен жабдығы жүйелi түрде, шаңды құйындатуды және жарылыс қауiптi шаңды ауасы бар қоспаларды болдырмайтындай, технологиялық регламенттермен немесе объектiлiк (цехтық) нұсқаулармен (жазбаша) белгiленген мерзімде жүйелi түрде тазартылып тұруы тиіс.
Өртке қарсы қабырғалар мен жабындардағы технологиялық ойықтар отқа бөгет жасайтын құрылғылармен қорғалады.
Жартылай өңделген өнiмдердi ыдыссыз тасымалдауға арналған шахталы көтергiштердiң жүктеу құрылғылары тек жүктеу кезiнде ғана ашылатын бекiтпелермен жабдықталады.
Өртке қарсы есiктердің өздігінен жабылуына арналған механизмдер жарамды күйде ұсталады. От бөгегiш құрылғылар жұмыс аяқталғаннан кейiн жабылады.
Желiлер мен адсорберлерде жарылыстың алдын алу клапандарының қорғау мембраналары тұрақты түрде жарамды жай-күйде ұсталады.
От тосқауылдағыштың, сондай-ақ мембрана клапандарының жарамдылығы жүйелi түрде тексерiлiп, өрт сөндіруші саптамадан тазартылады. Тексеру мерзiмi бекiтiлген цех нұсқауында көрсетiледi.
Белсендірілген көмiрдiң өздiгiнен тұтанып кетуiне мүмкiншiлiк бермеу үшін, адсорберлер тек стандартты, көрсетiлген маркадағы белсендірілген көмiрмен толтырылады.
Жанғыш сұйықтық қолданылатын гидравликалық жүйелерде бактағы май дәрежесiне бақылау орнатылады және жүйедегi май қысымын паспортта көзделгеннен арттыруға болмайды.
Гидравликалық жүйелерден май ағып жатқаны байқалса, дереу ағуды тоқтатады.
Ағаш кесетін рамаларды, фрезер-аралағыш және басқа да станоктар мен агрегаттарды пайдалану кезiнде:
— аралар қоршауларға тиiп тұрса;
— тiстерi жетiспейтiн немесе түзу емес және iрi қабыршақты араларды пайдалануға;
— салқындату мен майлау жүйесi зақымданған болса;
— салқындату мен майлау жүйесi зақымданған немесе салқындату жүйесiндегi қысым кезiнде ағаш аралағыш рамаларды автоматты түрде тоқтатуды қамтамасыз ететiн қондырғысыз болса;
— ара рамасы қисайса және сырғытпалар нашарланса және дұрыс жеткiзбесе;
— мойынтiректiң қызуы 70оС-тан асса, пайдалануға жол берiлмейдi.
Шикiзатты турау машинасына жiберетiн конвейерлер металл түсiп кеткен жағдайда, оларды автоматты түрде өшіретін және дыбыстық белгi беретiн металл қаққыштармен жабдықталады.
Турағыш машинаның май құйғышын тазалау кезiнде металл заттарды пайдалануға рұқсат берiлмейдi.
Өндеуге түсетiн технологиялық жоңқа, сондай-ақ преске кiрер жолға дейiнгi жоңқа жасайтын кiлем металл қаққыш арқылы өткiзiледi.
Ағаштан жоңқа жасайтын плиталарға арналған тегiстейтiн станоктар алдында берушi құралмен бекiтiлген және сигнализациямен жабдықталған металл iздегiштер орнатылады.
Майдаланған ағаш бөлiктерiнiң шанақтары және қалыпталған машиналар аспирация жүйесiмен және олардың толғаны туралы хабарлайтын сигнал беретін датчиктермен жабдықталады.
Ыстықтай нығыздауға арналған нығыздағыштың тиеу және түсіру этажеркаларының үстiнде сорып шығаратын шатыр жабдықталады, ол плиталарды қабыстыру және ажырату кезiнде тозаң мен газдың бөлінуіне жол бермейді.
Барабанды кептiргiш пен құрғақ жаңқа шанақтары және аралар өрт сөндiру және жарылысқа қарсы құралдардың автоматты қондырғыларымен жабдықталады.
Шаң және жаңқа материалдарын тасымалдау жүйесi оттың таралуына жол бермейтін құралдармен және өрттi жоюға арналған люктермен жабдықталады.
Аспирациялық және пневмокөлiктiк жүйелерден ағаш жаңқаларын және басқа да жарылу қаупi бар тозаңдарды жинауға арналған сыйымдылықтар жарамды күйдегi жарылысқа қарсы қондырғылармен қамтамасыз етiледi.
Плитаның термиялық өңдеу камералары тәулiгiне бiр рет бөлiнiп шыққан ұшпа шайырдан, ағаш жаңқалардан, шаңдардан, қалдықтардан тазартылып тұрады. Ағаш жаңқалы плиталардың термиялық өңдеу камераларынан жарылыс қауiптi газдарды шығару үшiн сорғы құбырдың шиберiн әр 15 минут сайын 2-3 минутқа ашуға арналған автоматты қондырғы болуы тиіс.
Нығыздалмаған жұмсақ жиектi плиталарды термиялық өңдеуге жол берiлмейдi.
Плиталар термоөңдеуден кейiн бунаққа төселер алдында өздiгiнен тұтануына жол бермеу үшiн ашық буферлi алаңда қоршаған ауа температурасына дейiн суытылады.
Өңдеу камералары мен май ванналарындағы температура автоматты түрде бақыланады.
Жағу газдарын пайдаланатын кептiру барабандары ұшқын тұтқышпен жабдықталады.
Ағаш қабатты пластиктердi нығыздағаннан кейiн технологиялық регламентте белгiленген уақыттан бұрын кесiп, бөлiктерге бөлуге рұқсат етiлмейдi.
Жұмыс соңында сiңдiру ванналары, сондай-ақ жанғыш сұйықтықтарды суытатын ванналар қақпақпен жабылады.
Сiңдiру, шыңдау, жанғыш сұйықтықтары бар басқа да ванналар ғимараттан тыс жерде орналасқан жерасты сыйымдылықтарына құйылатын авариялық қондырғылармен жабдықталады.
Сұйық және қатты отынмен жұмыс iстейтiн газ кептiру камераларының отын-газ құрылғысы күйеден айына екi реттен тазартылады.
От жағу-кептiру бөлiмi кептiру агентiнiң температурасын бақылауға арналған жарамды аспаптармен жабдықталады.
Ағаш талшықты жұмсақ плиталарға арналған кептiргiш камералары ағаш қалдықтарынан күнiне бiр рет тазартылады, конвейер 10 минуттан артық тоқтаған жағдайда, кептiру камерасын қыздыру тоқтатылады.
Кептiру камераларының камерада күю пайда болған кезде калориферлер желдеткiштерiн өшiретiн және тұрақты өрт сөндiру құралдарын қосатын жабдығы болады. Шикiзаттарға, жартылай дайын өнiмдерге және сырланған дайын бұйымдарға арналған кептiру камералары (үй-жайлар, шкафтар) температура қалыпты мөлшерден көтерiлген кезде қыздыруды өшiретiн автоматпен жабдықталады.
Ағаштарды кептiру үшiн жоғары жиiлiктегi токпен қатарлап орналастыру кезінде онда металдан жасалған заттың болуына жол берілмейді.
Кептiру камераларына адамдардың кiруiне және арнайы жұмыс киiмiн кептiруге рұқсат етiлмейдi.