МАҚТА ШИКІЗАТЫН ЖИНАУ, ТАСЫМАЛДАУ, КЕПТIРУ, САҚТАУ ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ ӨҢДЕУ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТIБI
Мақта жинау науқаны басталғанға дейiн оған қатысты барлық тұлғалар өртке қарсы нұсқаулықтан өтедi, ал мақта жинау машиналары, тракторлар, мақта тасуға арналған автомобильдер әрқайсысы 5 литрлік кемінде екі өрт сөндіргішпен жарақталып, жарамды ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады және реттелген қуаттау, оталдыру мен майлау жүйесiмен қамтамасыз етіледі.
Гидравликалық жүйеден май, отын және эмульсия аққан кезде, сондай-ақ ұшқын сөндіргіштер болмаса, ауыл шаруашылығы машиналары мақта жинауға және тасымалдауға жiберiлмейдi.
Мақта шикізаты пiспес бұрын олардың ормандарға, далаларға, тоғай алқаптарына, автомобиль және темiржол жолдарына iргелес жерлердегi егiстiктері енi кемiнде 4 метр жолақтармен жыртылады және шабылады.
Мақта жинау кезiнде:
— мақта егiстiгiнде темекi шегуге және ашық отты пайдалануға;
— бункерiне өңделмеген мақта толтырылған мақта жинайтын машинаны егiстiкте қалдыруға, отын құюға;
— гидравликалық жүйесі мен электр жабдығы ақаулы мақта жинайтын машиналарды пайдалануға;
— мақта кептiруге арналған алаңдарда мақта жинайтын машиналардың тұруына болмайды.
Өңделмеген мақта ыдыссыз тасымалданған кезде ол брезентпен жабылады. Автомашина шанағының немесе тiркеменiң еденiнде саңылаулар болмауы керек.
Тракторлардың, автомобильдердің, мақта жинайтын машиналардың тұруына, оларды жөндеуге, майлауға және жанармайға құюға жол берілмейді, шитті мақтаны табиғи кептіруге арналған алаңнан кемінде 50м қашықтықта жүзеге асырылады.
Мақта шикізатын табиғи кептiруге арналған алаңдар тұрғын үйлерден, қоғамдық ғимараттардан, жөндеу шеберханаларынан кемiнде 150 метр, ал жоғары вольтты және төменгi вольтты электр беру желiлерiнің тiреу биiктiгiнен кемінде 1,5 метр алшақ орналастырылады.
Мақта шикізатын табиғи кептiруге арналған алаңдар сыртқы өрт сөндiру мақсаттары үшiн жеткілікті сумен, бірақ кемiнде 50 текше метр есептiк мөлшерде қамтамасыз етiледі.
Мақта шикізатын табиғи кептiруге арналған алаңдар асфальтталған немесе қалыңдығы кемiнде 5 сантиметр сазды топырақпен тегiстелген болуы керек. Мақтаны жолдың жүретiн бөлiгiнде кептiруге болмайды.
Технологиялық жабдықтан тозаңның бөлiнуiне жол бермеудi қамтамасыз ететiн құрылғыларды (герметизациялау тораптары, жергiлiктi сорғылар) жарамсыз күйде пайдалануға болмайды.
Жабдық пен құрылыс құрылымдарына қонған мақта тозаңын, сондай-ақ жиналған мақта шикізатын қажеттiлiгiнше, бiрақ ауысымына кемiнде бiр рет тазалап тұру керек.
Тастарды, металды және басқа да бөгде заттарды ұстап қалуды қамтамасыз ететiн құрылғыларды жарамсыз күйде пайдалануға болмайды.
Таспалы транспортерлердiң иiндi бiлiктерi мен сына белдiктi бергiштерді айналатын бөлшектерге мақтаның түсуiн болдырмайтын жарамды қаптамаларсыз пайдалануға болмайды.
Мақта жинайтын машина бiлiктерiнiң жылжымалы құрамдары мен мойындары мақта тозаңы мен талшықтарынан тазартылады.
Мақта талшығын тек бумамен ғана сақтайды. Барлық сынған бумалар әр ауысым соңында (бумалап) қайта өңделедi.
Мақта талшығы бумасын ашық алаңдарда қатарлап сақтау кезiнде мақтаның стандартты қатарының өлшемi: ұзындығы 22 метрден, енi 11 метрден, биiктiгi 8 метрден аспайтындай етіп орындалады.
Ашық алаңдарда жиналған барлық мақта талшығының қатары брезентпен жабылады.
Талшықты мақта бумасы шатырдың астына енi кемiнде 2 метр көлденең өту жолдарын қалдыра отырып жиналады: еденнің ауданы 300-ден бастап 600 шаршы метрге дейін болғанда – бір өту жолы; еденнің ауданы 1200 шаршы метр болғанда – үш өту жолы; еденнің ауданы 1800 шаршы метр болғанда – төрт өту жолы; тең қашықтық сайын. Биік болғанда мақта талшығы жоғарғы жағынан бастап жабынның қоршауына немесе фермалардың төменгі белдігіне дейінгі қашықтық кемінде 1 метр болатындай етіп жиналады.
Мақта зауыттары мен мақта бекеттерiнде 2400 тоннадан артық өңделмеген мақта сақталған кезде жоғары қысымды өртке қарсы су құбыры көзделеді.
Мақта зауыттары мен мақта бекеттерiнде 2400 тоннаға дейiн өңделмеген мақтаны сақтау кезiнде өрт сөндiру жұмыстарын су айдындарынан жүзеге асыруға болады.
Мақта тазалайтын зауыттарда, мақта дайындаушы бекеттерде өрт сөндiру бөлiмшелерi күзететiн жақын маңдағы қаламен немесе аудан орталығымен телефон байланысы болуы қажет.