ЖАРЫЛЫС ӨРТ ҚАУІПТІ ЖӘНЕ ӨРТ ҚАУІПТІ ЗАТТАР МЕН МАТЕРИАЛДАРДЫ ТАСЫМАЛДАУ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТІБІ

Қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде жүктің ағуы мен шашылуын болдырмайтын, жүктің сақталуын және тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ететін берік және жарамды тара мен қаптама пайдаланылады.

Жанғыш газдарды, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды тасымалдайтын автоцистерналар сенімді жерге тұйықтағышпен, осы Қағидаларға 9-қосымшаның талаптарына сәйкес өрт сөндіргіштермен, киізбен, салмағы кемінде 25 кг құмы бар сыйымдылықпен жабдықталады және жүктің қауіптілік дәрежесіне сәйкес таңбаланады, ал пайдаланылған газ шығатын құбырлар жарамды ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады.

Тез тұтанатын, улы, зәрлі, коррозиялық булар немесе газдар бөлетін жарылыс, өрт қауіпті жүктер кепкен кезде жарылғыш болады, ауамен және ылғалмен өзара қауіпті әрекеттесуі мүмкін, сондай-ақ тотықтырғыш қасиеттері бар жүктер герметикалық түрде буып-түйіледі.

Шыны ыдыстағы қауіпті жүктер бос кеңістікті жанбайтын төсеме және сіңіргіш материалдармен толтыра отырып, берік жәшіктерге немесе торларға (ағаш, пластмасса, металл) оралады.

Қабырғалары мен торларының биіктігі тығындалған бөтелкелер мен банкалардан 0,05 метрге төмен жәшіктерді пайдалануға жол берілмейді. Ұсақ жөнелтілімдермен тасымалдау кезінде шыны ыдыстағы қауіпті жүктер қақпақтары бар тығыз ағаш жәшіктерге салынады.

Металл немесе пластмасса банкалардағы, бидондар мен канистрлердегі қауіпті жүктер ағаш жәшіктерге немесе торларға қосымша оралады.

Бір вагонға немесе контейнерге әртүрлі топтағы қауіпті жүктерді, сондай-ақ бірге тасымалдауға рұқсат етілмеген, бір топқа кіретін кейбір қауіпті жүктерді тиеуге жол берілмейді.

Вагондарға қышқылдары бар ыдысты тиеу кезінде оны тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтары бар ыдыстан қарама-қарсы жаққа қояды. Вагондағы барлық ыдыстар бір-біріне тығыз орнатылады және мықтап бекітіледі.

Жарылыс, өрт қауіпті заттарды тасымалдаудағы қауіпсіздік ережелері

Жарылыс, өрт қауіпті заттарды тасымалдау кезінде көлік құралында, сондай-ақ осы заттар бар әрбір жүк орнында қауіпсіздік белгілері орнатылады.

Жарылыс, өрт қауіпті заттардың үлкен партияларын елді мекен аумағы бойынша автокөлікпен тасымалдау стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес және тәуліктің түнгі уақытында ғана жүргізіледі.

Жарылыс, өрт қауіпті заттарды тасымалдау кезінде рұқсат етілмейді:

— тез тұтанатын сұйықтықтары мен жанғыш газдары бар цистерналарды тәуліктің күндізгі уақытында елді мекен арқылы тасымалдауға;

— дүмпулерге, кенеттен тежелуге жол беруге;

— жанғыш газдары бар баллондарды сақтандыру табандықтарынсыз тасымалдауға;

— көлік құралын қараусыз қалдыруға.

Жарылыс-өрт қауіпті және өрт қауіпті заттар мен материалдарды тиеу және түсіру орындары:

— өрт тұрғысынан қауіпсіз жұмыс жүргізу жағдайларын қамтамасыз ететін арнайы құралдармен (тіреулер, қалқандар, траптар, зембілдер) жабдықталады. Бұл ретте шыны ыдыс үшін арбалар немесе ұяшықтары бар арнайы зембілдер көзделуі тиіс. Шыны ыдысты екі жұмысшының ауыстыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін тұтқалары бар жарамды себеттермен тасымалдауға жол беріледі;

Жарылыс-өрт қауіпті және өрт қауіпті жүктермен тиеу-түсіру жұмыстары орындарында ашық отты пайдалануға жол берілмейді.

Тиеуді немесе түсіруді күтіп тұрған жүргізушілер мен машинистерге, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде көлік құралдарын қараусыз қалдыруға жол берілмейді.

Жарылыс-өрт қауіпті және өрт қауіпті заттар мен материалдарды тиеуге берілетін көлік құралдары (вагондар, шанақтар, тіркемелер, контейнерлер) бөгде заттардан тазартылады.

Ыдыстың (орамның) зақымдануы, шашылған немесе төгілген заттар анықталған кезде зақымданған ыдысты (ораманы) дереу алып тастайды, еденді тазартады және шашылған немесе төгілген жарылыс-өрт қауіпті және өрт қауіпті заттарды жинайды.

Жарылыс-өрт қауіпті және өрт қауіпті жүктермен тиеу-түсіру жұмыстарын орындау кезінде қызметкерлер орамалардағы таңбалау белгілері мен ескерту жазбаларының талаптарын сақтайды.

Автомобильдердің қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрған кезде, сондай-ақ егер заттар мен материалдар сумен өзара әрекеттескенде өздігінен жануға бейім болса, жаңбыр кезінде жарылыс, өрт қауіпті және өрт қауіпті заттармен және материалдармен тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.

Вагондардағы, контейнерлердегі және автомобиль шанақтарындағы жарылыс-өрт қауіпті және өрт қауіпті жүктер қозғалыс кезінде олардың орын ауыстыруын болдырмау мақсатында сенімді бекітіледі.

Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды толтыруға және ағызуға байланысты технологиялық операцияларды жүргізу кезінде:

— люктер мен қақпақтар ақырын, жұлқымай және соқпай, ұшқынға қауіпсіз аспаптарды қолдана отырып ашылады. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтары құйылған ыдыстармен тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді;

— арматура, шлангілер, алмалы-салмалы қосқыштар, статикалық электрден қорғау техникалық жарамды күйде ұсталады.

Резервуарларды, цистерналарды, сұйықтығы бар ыдыстарды толтыру алдында қолда бар өлшеу құрылғысының жарамдылығы тексеріледі.

Жарылыс-өрт қауіпті немесе өрт қауіпті жүктерді түсіру аяқталғаннан кейін вагон, контейнер немесе автомобиль шанағы тексеріледі, заттардың қалдықтары мен қоқыстар мұқият жиналады және жойылады.