ҚОЙМА ҚАУІПСІЗДІГІ
Қоймаларда (үй-жайларда) заттар мен материалдарды сақтау олардың өрт қауіпті физикалық-химиялық қасиеттерін (ылғал түскенде, ауамен жанасқанда тотығуға, өздігінен қызуға және тұтануға қабілеті), заттар мен материалдарды бірге сақтау жөніндегі ережелерге сәйкес өрт сөндіргіш заттардың үйлесімділік және біртектілік белгілерін ескере отырып, стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Қолданылатын өрт сөндіргіш заттардың біркелкілігіне қарамастан, материалдар мен тауарларды каучукпен немесе авторезинамен бір секцияда бірге сақтауға жол берілмейді.
Жанғыш газдары бар баллондар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтары бар сыйымдылықтар, сондай-ақ аэрозоль орамдары күн және өзге де жылу әсерінен қорғалады.
Көп қабатты қоймаларда аэрозоль орамдарын өртке қарсы бөліктерде тек жоғарғы қабатта ғана жинауға болады, бөліктегі орамдардың саны 150000-нан аспайды.
Қойманың оқшауланған бөлігінде 15000 қаптамадан (қораптан) аспайтын, қойманың жалпы сыйымдылығы 900000 қаптамадан аспайтын сақтау жүзеге асырылады. Қоймалар шатырсыз, жеңіл ашылатын жабындары бар ғимараттарда орналастырылады.
Жалпы қоймаларда 5000 данадан аспайтын мөлшерде аэрозоль орамдарын сақтау жүзеге асырылады.
Ашық алаңдарда немесе бастырмалардың астында аэрозоль орамдары тек жанбайтын контейнерлерде ғана сақталады.
Қойма үй-жайларында стеллажсыз тәсілмен сақтау кезінде материалдар қатарлап жиналады. Қойма үй-жайларының есік ойықтарына қарама-қарсы ені есіктердің еніне тең, бірақ кемінде 1 метр еркін өту жолдары қалдырылады.
Қоймаларда әрбір 6 метр сайын ені кемінде 0,8 метр бойлық өту жолдары орнатылады.
Қойма үй-жайларының ішіндегі ағаш конструкциялар оттан қорғау құрамымен өңделеді.
Транзиттік электр кабельдері, газ және басқа да коммуникациялар өтетін үй-жайларда қоймаларды орналастыруға жол берілмейді.
Шырақтардан сақталатын тауарларға дейінгі қашықтық кемінде 0,5 метр және жанғыш құрылыс конструкцияларының бетіне дейін 0,2 метр етіп қабылданады.
Тауар-материалдық құндылықтарды сақтауға арналған үй-жайларда тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелерін, тамақ ішуге арналған бөлмелерді және басқа да қосалқы қызметтерді орналастыруға жол берілмейді. Тауартанушылардың, сарапшылардың, қоймашылардың жұмыс орындарын қоршау үшін қойма үй-жайларында орнатылатын шыныланған қалқалар өрт туындаған жағдайда адамдарды немесе тауар-материалдық құндылықтарды эвакуациялауға кедергі келтірмеуі тиіс.
Қойма үй-жайларында және дебаркадерлерде тиеу-түсіру және көлік құралдарының тұруына және оларды жөндеуге жол берілмейді.
Рампаға (платформаға) түсірілген жүктер мен материалдар жұмыс күнінің соңына қарай алынады.
Қоймалардың ғимараттарында ыдысты ашумен, жарамдылығын тексерумен және ұсақ жөндеумен, өнімді өлшеп ораумен, өрт қауіпті сұйықтықтардың жұмыс қоспаларын (нитро бояуларды, лактарды) дайындаумен байланысты барлық операциялар сақтау орындарынан оқшауланған үй-жайларда жүргізіледі.
Автомобильдер, мотовоздар, автотиегіштер мен автокрандар және жүк көтергіш техниканың басқа да түрлері ірі жем, талшықты материалдар сақталатын маяларға, қатарларға және бастырмаларға оларда жарамды ұшқын сөндіргіштер болған кезде кемінде 3 метр қашықтыққа жіберіледі.
Қоймалардың электр жабдықтары жұмыс күні аяқталғаннан кейін токтан ажыратылады. Қойманы электрмен жабдықтауды ажыратуға арналған аппараттар қойма үй-жайынан тыс, жанбайтын материалдардан жасалған қабырғаға немесе жеке тұрған тірекке орналастырылады, шкафқа немесе пломбалауға арналған құрылғысы бар қуысқа орнатылады және құлыппен жабылады.
Қоймалардың үй-жайларында кезекші жарықтандыруға, сондай-ақ газ плиталарын, электрмен жылыту аспаптарын пайдалануға және штепсель розеткаларды орнатуға жол берілмейді.
Материалдарды ашық алаңда сақтау кезінде бір секцияның (қатардың) алаңы 300 шаршы метрден аспайды, ал қатарлар арасындағы өртке қарсы бөліктер кемінде 6 метр етіп қабылданады.
Базалар мен қоймалардың аумағында орналасқан ғимараттарда персонал мен басқа да адамдардың тұруына жол берілмейді.
Цех қоймаларында тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды кәсіпорында белгіленген нормадан асатын мөлшерде сақтауға жол берілмейді.
Түтін жоюға арналған ойықтары бар терезелері жоқ жертөле және цоколь қабаттардың үй-жайларында, сондай-ақ ғимараттардың жалпы саты торларын осы қабаттармен қосқанда жанғыш ыдыста жанғыш материалдарды немесе жанбайтын материалдарды сақтауға жол берілмейді.
Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтардың қоймаларын ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі
Резервуарлық парктерді ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі
Резервуарлардың топырақ үйіп бекітілген жерлерінің көлемі осы топырақ үйіп бекітілген жердегі ең үлкен резервуардың көлеміне тең етіп орындалады және үнемі жарамды күйде ұсталады. Топырақ үйіп бекітілген жердің ішіндегі алаңдар тегістеліп, құм себіледі. Механикаландырылған өрт сөндіру құралдары үшін топырақ үйіп бекітілген жерлер арқылы өту жолдарын орнату кәсіпорын басшылығының рұқсатымен жүргізіледі. Бұл ретте топырақ үйіп бекітілген жердің тұтастығы мен биіктігін, сондай-ақ резервуарлық парктің шекаралары бойынша өту жолдарын бұзуға жол берілмейді.
Толтыруды және деңгейді өлшеуді бақылау мен автоматтандыруға арналған құрылғылардың желілерін қоспағанда, резервуарлардың топырақ үйіп бекітілген жері ішінде және тікелей резервуарларда электр жабдығын орнатуға және электр желілерін төсеуге жол берілмейді.
Көрсетілген электр аппаратурасы мен сымдарды ЭҚЕ сәйкес жарылыстан қорғалып орындалған жағдайда ғана пайдалануға жол беріледі.
Резервуарлық парктегі құбыржолдардың коммуникациясы резервуарда авария болған жағдайда мұнай мен мұнай өнімдерін бір ыдыстан екіншісіне айдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін етіп көзделеді.
Жылдың қысқы кезеңінде резервуарлардың шатырларынан қар уақтылы шығарылады, сондай-ақ резервуарлық парктің аумағындағы жолдар мен өрт сөндіру жолдары қардан тазартылады.
Қыздыруға немесе жазғы уақытта ұзақ сақтауға жататын резервуарды мұнаймен немесе мұнай өнімдерімен толтыру кезінде сұйықтықтың деңгейі (резервуардың толып кетуін болдырмау үшін) қыздыру кезінде сұйықтықтың кеңеюін ескере отырып белгіленеді. Суық мұнай өнімінің ең жоғары деңгейі сыйымдылық биіктігінің 95%-нан, ал сұйытылған газдардың 83%-нан аспауы тиіс.
Төгілген мұнай, сондай-ақ резервуардың төбесіндегі мұнай өнімдері деңгейді өлшегеннен немесе сынама алғаннан кейін дереу алынады, ал резервуардың төбесі құрғатып сүртіледі. Шатырда сүрту материалдары мен қандай да бір заттарды қалдыруға болмайды.
Жарылыс және өрт қауіпті үй — жайларда көмірсутектердің шоғырлануын тұрақты бақылау үшін жарық және дыбыс дабылы бар газ талдағыштар орнатылады.
Әрбір резервуар жиналып қалған шөгінділерден жүйелі түрде (кестеге сәйкес) тазартылады.
Мұнайды және резервуарларды қыздырғыштардың үстіндегі сұйықтық деңгейі кемінде 50 сантиметр болғанда қыздыруға жол беріледі.
Резервуарлардағы тұтқыр мұнай өнімдері қызмет көрсетуші персоналдың тұрақты бақылауымен тек бу иректүтіктерімен жылытылады.
Мұнай өнімдері толтырылған резервуарларда жұмыстар ұшқынға қауіпсіз аспапты пайдалану арқылы ғана жүргізіледі.
Резервуарлық парктегі өнеркәсіптік су бұру желісі кемінде 0,25 метр тұрақты су деңгейі бар және арнайы құдықтарда орнатылатын, арқанмен басқарылатын сақпандармен жабдықталған, резервуарлардың топырақ үйіп бекітілген жерінен тыс шығарылған гидравликалық ысырмалармен қамтамасыз етіледі. Сақпанның қалыпты жағдайы жабық.
Жіктерде немесе корпустың немесе түбінің негізгі металында жарықтар пайда болған кезде жұмыс істеп тұрған резервуар дереу босатылып тазартылады.
Мұнай немесе мұнай өнімдері толтырылған резервуардағы жарықтарды жою бойынша отпен байланысты және механикалық жұмыстарға жол берілмейді.
Резервуарлық парктің және жеке тұрған резервуарлардың барлық аумағында көрінетін жерлерде белгіленген өртке қарсы режимді бұзуға жол бермеу туралы жазбалар орнатылады.