ОТТЫҢ БЕТІН ҚАЙТАРУ ОҢАЙ БОЛМАДЫ

Ағымдағы жылдың 6-қарашасында Түркістан қаласындағы №39 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 101 пультіне өрт оқиғасы туралы хабарлама түсті. Түнгі сағат 22:45-те тіркелген хабарламада қаладағы «Тұран» мөлтекауданы, Саққорған көшесінде орналасқан Бәбек моншасында өрт шыққаны туралы айтылған.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласындағы №39 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Келіп түскен хабарлама бойынша 22:45-те  оқиға орнына                                 қаладағы екі өрт сөндіру депосынан (№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен №39 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі) 4 өрт сөндіру автокөлігі мен жеке құрамнан жалпы саны 19 адам шықты.  Атап айтқанда,       Түркістан қаласындағы №39 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 2 техника-АЦ-5/40,  АБР және жеке құрамнан 11 адам. Ал №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 2 техника-АЦ-5/40, техника-АЦ-8/70  және жеке құрамнан 8 адам.

Оқиға орнына ең жақын орналасқан (220 метр) су көзі Кереге тас көшесіндегі өрт гидранты болды.

Оқиға орнына №1 МӨСБ-нен шыққан өрт сөндірушілер сағат 22:54 минутта жетеді. Шақыру орнына келген соң құтқарушыларға екі қабатты моншаның №8 бөлмесі жанып жатқаны белгілі болады. Куәгерлерден монша ішіндегі адамдардың сыртқа шығарылғаны жеткізілді. Аға инженер адамдарды құтқару және 22 шаршы метрге барған оттың бетін қайтару мақсатында, қосымша күштер мен құралдар қажет емес екенін, жалынды өз күштерімен сөндіретіндерін хабарлады.

Құтқарушылар тұрғын үй ішінде адамдардың бар-жоғын пысықтау жұмыстарын жүргізді. Одан соң қызыл жалынға оранған жуыну бөлмесінде адамның қалып қоймағанына әбден көз жеткеннен соң өрт сөндіру жұмыстары орындалды.

Өрт түнгі сағат 23:25-те оқшауланды. Сағат 23:41-де өрт толық сөндірілді.

Өзара іс-қимыл нұсқаулығына сәйкес өртті сөндіруге Түркістан қаласы әкімдігі, 102, 103, 104 және 105 қызметі мамандары жұмылдырылды.