ТЕХНОГЕНДІ АПАТТЫ АЛДЫН АЛУ ҚҰЖАТТАН БАСТАЛАДЫ
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өз тәртібі бар.
Биiктiгi 3 қабат және одан астам ғимараттарды салу кезiнде сатылар саты торларын орнатумен қатар монтаждалады.
Саты торларында ағаш басқыштар екi қабаттан аспайтын ғимараттарда ғана қолданылады. Құрылыс кезiнде зақымданудан қорғау үшiн жанбайтын сатылар жанғыш материалдармен жабылады. Жобалық құжаттамада қарастырылған сыртқы өрт сатылары, тiреушелер, түтік жалғау құбырлары мен салынып жатқан ғимараттардың жабындарындағы қоршаулар көтергiш құрылымдарды монтаждағаннан кейiн бiрден, ал биіктігі 50 метрден астам ғимараттарды салу кезінде – әрбір келесі қабаттың тұрғызылуына қарай орнатылады.
Жобалық құжаттамада көзделген түтік жалғау құбырларды монтаждау мүмкіндігі болмаған кезде әр қабатта өрт краны бар диаметрі 89 миллиметр уақытша түтік жалғау құбырлары орнатылады.
Ғимараттың тұрғызылуына қарай 50 метр және одан жоғары биіктікте орналасқан қабаттан бастап және одан жоғары мотопомпалары бар көлемі кемінде 3 текше метр уақытша аралық сыйымдылықтар орнатылады. Мотопомпалары бар уақытша аралық сыйымдылықтардың арасындағы аралық жоғары орналасқан қабаттарға өрт сөндіргіш заттарды беру кезінде қысымның жоғалуына байналысты есептеудің негізінде анықталады.
Ғимараттарды үш қабат және одан астам етiп салу кезiнде мүкәммал металл ағаштар қолданылады.
Құрылыстың құрылыс ағаштары олардың периметрiнiң әрбiр 40 метріне бiр сатымен немесе басқышпен, бiрақ барлық ғимаратқа кемiнде екi сатымен (басқышпен) жабдықталады.
Ағаш құрылымдарын жанғыш материалдармен жабуға (жылытуға) болмайды.
Адамдарды биiк ғимараттар мен құрылыстардан (түтiн құбырларынан, мұнара градирнялардан, бөгеттерден, сүрлем үй-жайлардан) эвакуациялау үшiн құрылыстың барлық кезеңiне жанбайтын материалдардан жасалған кемiнде екi саты салынады.
Жанғыш материалдардан жасалған қалып бiр мезгiлде үш қабаттан аспайтындай етiп жасалады. Бетонның қажеттi төзiмдiлiгiне қол жеткiзгеннен кейiн ағаш қалыптар мен тақтайлар ғимараттан шығарылады.
Ғимараттар мен құрылыстардың iшiнде жанғыш заттар мен материалдарды ашық отты пайдаланумен байланысты басқа да құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қатар орындауға болмайды.
Металл құрылымдардың отқа төзiмдiлiк шегiн арттыру мақсатында оларды қорғау жұмыстары ғимаратты тұрғызумен қатар жүргiзiледi.
Ғимараттарда жанғыш материалдар болған жағдайда ойықтар арқылы қабырғалар мен қалқаларға (iшкi және сыртқы қабырғалардың және қабатаралық қалқалардың жапсарларын герметизациялау, қажеттi отқа төзiмдiлiк шектерiн қамтамасыз ете отырып, инженерлiк коммуникациялар өтетiн орындарда тығыздау) өрттiң таралуын болдырмау шаралары қабылданады.
Жанғыш жылытқыштары бар құрылымдарды монтаждаумен немесе жанғыш жылытқыштарды қолданумен байланысты жұмыстар жұмысты орындаушыларға берiлетiн және құрылыстың өрт қауiпсiздiгi үшiн жауапты тұлға қол қойған рұқсат бойынша жүргiзiледi.
Жұмыс жүргiзу орындарында «От қауiптi – тез тұтанатын жылытқыш» деген аншлагтар iлiнедi.
Жабынға жанатын жылытқышты төсеу және гидрооқшаулағыш кiлемдi орнату, тартқышты цемент-құм ерiтiндiсiнен жасау, қорғайтын қиыршық тас қабатын төсеу, қоршау құрылымдарын монтаждау ауданы 500 м2 аспайтын учаскелерде жанғыш жылытқыштарды қолдана отырып және 1000 м2 аспайтын учаскелерде жануы қиын жылытқыштармен жүргiзiледi.
Жанатын жылытқыштарды темiрбетон плиталардың бойымен пайдалану кезiнде кемiнде 30 миллиметр өндiрiстiк ғимараттардың жабындарын тегістеу цемент-құм ерiтiндiсiнен орындалады, темiрбетон плиталар арасындағы жапсарлар мұқият қаланады.
Жұмыс жүргiзу орындарында жанғыш жылытқыштар мен жабынды рулон материалдары санының ауысым қажеттiлiгiнен артуына жол берiлмейдi.
Ауданы үлкен ғимараттардың жабындарында жанатын жылытқыш ұзындығы бойымен 50 метр сайын (корпус 80 метр және одан артық созылып жатқанда) енi кемiнде 6 метр, керамзит қиыршық тасынан немесе басқа да жанбайтын материалдардан жасалған өртке қарсы белдеулермен бөлiнедi.
Жанатын жылытқыш салынып жатқан ғимараттан тыс, бөлек тұрған құрылыста немесе арнайы алаңда салынып жатқан және уақытша ғимараттардан, құрылыстар мен қоймалардан кемiнде 18 метр қашықтықта сақталады. Жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейiн пайдаланылмаған жанатын жылытқышты, осындай жылытқыштары бар жөнделмеген панельдер мен жабынды рулон материалдарын ғимараттардың iшiнде немесе жабындарында, сондай-ақ өртке қарсы бөлiктерде қалдыруға болмайды.
Тоңазытқыш ғимараттар мен осыған ұқсас құрылыстарда құрылыс-монтаждау жұмыстары өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете отырып, бөлiктер бойынша жүйелi түрде жүргiзiледi.
Бөлiкте жылу оқшаулағыш орнатылғаннан кейiн оның қалдықтары жинап алынады және дереу оттан қорғайтын жабын қабаты жағылады. Жұмыс жүргізу процесінде жанатын жылу оқшаулағыштың қорғалмаған ауданы 500 м2 аспайтындай етіп және жануы қиын болғанда 1000 м2 етiп қабылданады.
Өртке қарсы белдеулердi, тоңазытқыш камераларда аймақтарды орнату кезiнде жылытқыштың жанбайтын материалдардан жасалған қоршау құрылымдарына тығыз қабысуы қамтамасыз етiледi. Өртке қарсы белдеулерде, аймақтарда бекiтiлмеген тесiктер қалдыруға болмайды. Кезектi бөлiктiң жылу оқшаулағышын тек алдыңғы аймақтардың өртке қарсы белдеулерiн тексергеннен және қабылдағаннан кейiн ғана орнатуға кiрiсуге болады.
Жанатын жылытқыштары бар панельдердiң металл қаптамалары зақымдалған жағдайда, механикалық (бұрандалы) қосқыштардың көмегiмен оларды жөндеу және қалпына келтiру бойынша шұғыл шаралар қабылданады.
Полимерлi жылытқыштары бар панельдердi монтаждауды, жабынға полимерлiк жылытқыштарды төсеудi, жабындарды орнату жұмыстарын жүргiзу басталғанға дейiн жобада көзделген барлық қоршаулар мен ғимараттардың жабынына шығу жолдары (саты торларынан, сыртқы сатылар арқылы) салынады. Өрт туралы хабарлау үшiн жабынға шығу жолдарына телефондар немесе өзге де байланыс құралдары орнатылады.
Өрт сөндiру мақсатында жабында жанатын жылытқышты қолдана отырып, ауданы 1000 шаршы метр және одан астам жабын төсеу бойынша жабын жұмыстарын жүргiзу кезiнде уақытша өртке қарсы су құбыры көзделеді. Өрт крандары арасындағы қашықтық әрқайсысы секундына 5 литр шығынымен кемiнде екi ағыста су жабынның кез келген нүктесiне беру шартымен қабылданады.
Жабында гидро және бу оқшаулауды орнатумен, жанғыш жылытқыштары бар панельдердi монтаждаумен байланысты жұмыстарды жүргiзу кезiнде электрлiк дәнекерлеу және басқа да от жұмыстарын жүргiзуге болмайды.
Ашық отты қолданумен байланысты барлық жұмыстар жанғыш және жануы қиын материалдарды пайдалану басталғанға дейiн жүргiзiледi.
Бу оқшаулау қабатын жабыстыру кезiнде кескiнделген төсем қабырғаларын битум шайырымен толтыруға және жобадан ауытқып, шайыр қабатын қалыңдатуға болмайды.
Қабаты қалың рулон материалдарын балқыту үшiн жабындарды темiр бетон плиталарына және жанбайтын жылытқыштарды қолдана отырып, бүркемелерге орнатқанда ғана агрегаттар қолданылады.
Жабындағы агрегаттарға отын құю екi өрт сөндiргiшпен және құмы бар жәшiкпен қамтамасыз етiлген арнайы орында жүргiзiледi. Жабында агрегаттарға құюға арналған отынды және отыннан босатылған бос ыдысты сақтауға жол берiлмейдi.
Мастикалармен, битуммен, полимер, басқа да жанғыш заттармен және материалдармен жұмыс iстеу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртiбi
Жарылыс-өрт қауiптi бу бөлетiн жанғыш заттар мен (құрамды дайындау және оны бұйымға салу) жұмыс iстейтiн үй-жайлар мен жұмыс аймақтары ағынды-сорғы желдеткiшiмен қамтамасыз етiледi.
Жұмысты қауiпсiз жүргiзу үшiн ауа алмасу еселiгi есепке сәйкес жұмыс iстеу жобасымен анықталады.